Жер серіктерінің қолданылу мерзімі бітуге жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жер серіктерінің қолданылу мерзімі бітуге жақын

27.01.2023

Қазақстандық үш бірдей жер серігінің қолданыс мерзімі бітуге жақын. Жауапты министрлік өкілі оларды алмастыру бойынша шешім арнайы комиссияның қорытындысынан кейін қабылданатынын айтады. Одан бөлек тозығы жетуге таяу тағы бір спутник бар. Бұл аппараттар нендей функция атқарады? Олар істен шықса салдары қандай болмақ? 

2014 жылы ұшырылған «KazGeoSat 1 және 2» деп аталатын екі жасанды жер серігінің қолданыс мерзімі 2021 жылы аяқталуы тиіс еді. Бірақ, техникалық мамандар жанармай деңгейі, борттағы жүйелер мен аккумуляторын тексеріп, олардың өмірін 2023 жылға дейін ұзартқан. Енді алты ай бойы тағы да талдау жүргізіледі. Жұмысқа жарамды деп табылса, бұл спутниктер 2026 жылға дейін қызмет көрсетуі мүмкін. Жауапты министрлік өкілі олардың орнын басатын аппараттарды жасауға қазірден қамданып жатқанын айтады.

Мәлік Олжабеков, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:

Жобаның құны жабдықтардың бағасы мен логистикаға байланысты. Қазір оны 18 млрд теңгеге бағалап отырмыз. Бұл ақшаға Кубсат санатындағы 100 келілік 3 спутник ұшыру жоспарланған. Биыл наурыз айында өндіріске кірісеміз. Спутниктерді «Ғалам» ЖШС дайындайды.

Қазақстанның одан басқа 2011 жылы ұшырылған «КазСат 2» жер серігінің де мерзімі бітуге таяу. Соңғы рет мамандар оның қолданыс уақытын 2024 жылдың I тоқсанына дейін ұзартқан. Осы және «КазСат 3» спутниктері телекоммуникацияға, яғни байланысқа жауапты. Олар істен шықса, өзгеге алақан жаямыз.

Бұрын ғарыш бағдарламасы болып, кейін тоқтатқан Беларусь пен Украинада жағдай сондай. ТМД бойынша бізден бөлек, Әзірбайжан мен Ресей ғана байланыс саласында тәуелсіз. Ал отандық мамандар жасанды жер серігін жасауға дайынбыз деп отыр.

Берік Жұмажанов, «Ғалам» компаниясының жетекші инженер-құрастырушысы:

Бұл ұшып жүрген спутниктің моделі. Мұнда Қазақстанның инженерлері бүкіл жұмыстарына бас аяғына дейін қатысты. Кейбір модульдарды толығымен қазақстандық инженерлер жасаған. Жаңа тапсырыстар болса, жаңа ғарыш аппараттарын жасауға дайынбыз.

Қазір Қазақстан ғарыш саласында нанотехнологияларды енгізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Осылайша, жер серіктерінің салмағын 30 килограммға дейін азайтып, тиімділігін арттыру көзделген.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу