Елді бөлетін емес, біріктіретін науқан керек. Мемлекет басшысы кандидаттарды саяси шарада сақ болуға шақырды. Президент пікір алуандығына елде ешқандай шектеу қойылмайтынына сенім білдірді. Тек ел болашағына кесірін тигізетін әрекеттерден аулақ болу керегін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Парламент Сенатының отырысына қатысты.
Жақында жоғары палата депутаттарының жартысына жуығы жаңарды. Тағы бірнеше сенаторды Президент тағайындады. Сенат құрамын жаңғырту үрдісі осымен аяқталды. Ал бүгін Президент ұсынысымен төрағасы сайланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Ол бұған дейін осы міндетті абыроймен атқарды. Заң шығару жұмысын жақсы біледі. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі мол. Сондықтан, оны Сенат Төрағалығына лайықты деп санаймын.
Былтыр қарашада Президент, биыл қаңтарда Сенат сайлауы өтті. Алда тағы саяси науқан. Көктемде халық Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын таңдайды. Мұның бәрі конституциялық реформа нәтижесі деді, Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Алда әлі ауқымды жұмыс бар. Басты мақсатымыздың бірі – қоғамда өркениетті, саяси дәстүрді орнықтыру. Ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Онсыз тұрақты әрі жан-жақты даму мүмкін емес. Референдумда халықтың қолдауына ие болған конституциялық реформаны жаңа саяси дәуірдің бастауы деуге болады. Бұл өзгерістер елдің саяси жүйесін эвалюциялық жолмен дамытуға жол ашты.
Конституциялық реформалар өз нәтижесін бере бастады. Ұзақ уақыттан бері елімізде алғаш рет жаңа партиялар ресми түрде тіркеліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуге тиіс. Сондай-ақ, ел бірлігін сақтау мәселесін бәрінен биік қоюы тиіс. Партиялар азаматтық қоғамның басты тірегі болуы тиіс. Азаматтардың талап-тілегіне жете мән беріп, жүйелі жұмыс жүргізуі қажет. Өз бағдарламасын заңды жолдармен іске асыруы керек.
Әділдік. Ашықтық. Шынайы бәсеке. Үшеуі саяси үдерісте үзілмеуі керек. Президент мұны тағы еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгеріске сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруға тиіс. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді. Алдағы сайлауды Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деуге болады. Қоғамның түрлі өкілдерінің мүддесін партиялар арқылы қорғау мүмкіндігі артады.
Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек. Президент осыған ерекше екпін берді. Үміткерлерді қоғамға іріткі салатын әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай шектеу қойылмайды. Заңға қайшы келмейтін барлық іс әрекетке рұқсат беріледі. Дегенмен, бір нәрсені бәріміз қағида қылып ұстауымыз керек. Сайлау елді бөлетін емес біріктіретін науқан болуы керек. Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізуі мүмкін. Әрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс.
Мемлекет басшысы саяси күштер халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, мәселелерін шешуге күш жұмсауы керек екенін айтты. Әлеуметтік маңызы бар бастамаларға қолдау көрсетіледі. Бастысы - саяси радикализм мен экстремизмнің кез келген түріне орын жоқ деді, Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Бізде саяси көзқарасы әртүрлі партиялар бар. Кандидаттардың түрлі мәселе бойынша ұстанымдарының бірдей болмауы да заңды құбылыс. Бірақ көзқарастары мүлде қабыспайтын ымырасыз қарсыластардың өзіне ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің қасиетті Отанымыз және қастерлі тәуелсіздігіміз. Болашақтың алдында бәріміз бірдей жауап береміз. Сондықтан біз ортақ мақсат жолында бірігуіміз керек. Кез келген саяси мүддеге қарағанда мемлекетшілдік қасиет әлдеқайда биік тұруға тиіс.
Қазір қоғамға әр сөзі мен ісіне жауапкершілікпен қарайтын саясаткерлер қажет. Президент осы сенімді жоғалтып алмауға шақырды.
Асима Нұрбайқызы