Шымкент қаласында 1 мыңнан астам жұмыссыз азамат мемлекет қолдауымен кәсіп бастады. Олардың дені жастар. Қайтарымсыз қаржыны орынды жұмсай білгенінің арқасында бұл азаматтар бүгінде құс өсіріп, мал бағып, наубайхана, тігіншілік секілді кәсіптерді дөңгелетіп отыр.
Ерлан оқу орнын тәмамдаған соң мансап іздеп, қызмет қуған жоқ. Бірден стоматологиялық клиника ашуға талпынды. Жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырған курстарға қатысып, жобасын сәтті қорғап шықты. Соның арқасында 1 миллион 200 мың теңгеге грант қаржыға рентгеновидеографика қондырығысын сатып алды.
Ерлан Жақсылық, кәсіпкер:
Жалпы бұл бағдарлама тиімді енді бастап келе жатқан азаматтардың аяққа тұруына септігін тигізеді. Және де бізге гранттың пайдасы жұмыс сапасын жақсартуға пайдасын тигізді. Қазіргі таңда клиникада 4 маман жұмыс істеп жатыр.
«Жас кәсіпкер» бағдарламасымен іс бастағандардың тағы бірі - Сапарғали Маханбетов. Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аударып, былтыр ғана азаматтық алған ол әлі елімізде дами қоймаған кәсіп түрін бастады. Қазір ол арнайы қондырғының көмегімен терезе әйнектеріне түрлі суреттер салады.
Сапарғали Маханбетов, кәсіпкер:
Өзімде ондай қомақты ақша жоқ, зат сатып алуға. Үкімет берген ақшамен жұмыс бастадық. Жетпегенін өзіміз қостық.
Былтыр Ерлан мен Сапарғали секілді 1 мың 200-дей азамат 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаржылай грантқа ие болды. Президент тапсырмасына орай жастарды қолдау шарасы биыл да жалғасын таппақ. 36 жасақа дейінгі 261 азаматқа қайтарым үстемесі төмен несие беру жоспарланып отыр.
Мақсат Жолдасбеков, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
Оған бюджеттен 1 миллиард 305 миллион теңге қаржы қаралды. Ауылшаруашылығы саласында кәсіп істеймін деген азаматтарға 7 жылға, басқа саладағы кәсіпке 5 жылға беріледі.
Ұлттық жобаның бұл бағдарламасына кәсіп бастағанына 5 жыл толмаған жастар қатыса алады. Бизнесін ұлғайтқысы келгендердің өтініштерін қабылдау келер айда басталғалы отыр.
Ғани Қалмаханов