Көпбалалы аналарға қайтарымсыз грант берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпбалалы аналарға қайтарымсыз грант берілді

15.10.2019

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы көпбалалы аналар мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, оған кәсіп ашты. Табыстың кілтін тапқандар көп ұзамай-ақ пайдаға кенелді. Осылайша, еңбек етіп жүрген нәзік жандылар енді өзге армандарын іске асыру үшін қаражат жинап жатқан көрінеді. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы көпбалалы аналардың кәсібімен танысты.  

Меруерт Сыздықова төрт баланың анасы. Үлкен қызы мен ұлы мектепте оқыса, енді екі ұлы балабақша жасында. Осыдан екі жыл бұрын Меуерт үйде бос отырмай кондитерлік өнімдерді пісірумен айналысқан. Тәттілерді әлеуметтік желі арқылы жарнамалап әп сәтте тұтынушыларын жинаған. Ал биыл мына екі бөлмелі пәтерде кондитерлік цех ашыпты. Мемлекет тарапынан берілген 500 мың теңге грант қаражатына қажетті құралдарын сатып алған.

Меруерт Сыздықова, Қарқаралы қаласының тұрғыны: 

Төрт баламен үйде отырған кезде кішкене торт пісірумен айналыстым. Қазір соны кәсіп қылып, болашақта Қарқаралы қаласын, аудан аумағын тортпен қамтамасыз ету жоспарымда бар. Өйткені бұл балаларымның болашағы. Ешкімге масыл болмай, өз балаларымызды өзіміз асырасақ деп жолдасым екеуміз осындай кондитерский ашуға бел будық. 

Ерлі-зайыпты Меруерт пен Жасұлан күнұзақ жұмыста болғандықтан балалардың тәрбиесімен үйдегі ата-аналары айналысады. Алайда қолдары босаған бетте бүлдіршіндерге барынша көңіл бөлуге тырысады. Балалар оқуда озат, өнерлі болып өсіп келеді. 

Жасұлан Сыздықов, Қарқаралы қаласының тұрғыны:

Үйдің тірлігінің барлығы келіншегіме түседі. Әке-шешемізбен тұрамыз. Соның арқасында білінбейді. Әке-шешем көмектеседі балаларды бағуға. Бізге үлкен септігін тигізіп отыр.

Қарқаралы ауданы бойынша биыл 110 отбасына 500 мың теңгеден грант берілген. Қайтарымсыз қаражаттың бірқатары көпбалалы аналарға үлестіріліпті. Осылайша олар өз кәсіптерін ашқан. 

Қанат Бабайбеков, Жұмыспен қамту орталығының директоры:

Басым бөлігі мал шаруашылығы. Дегенмен қызмет көрсету саласы да дамып отыр. Шағын дәмхана, үйінде тігін цехтарын ашып жатқандар бар. Сондай-ақ маникюр жауады да үйінен ашып, кейбірі кәсіппен айналысып жатыр.

Жалпы аудан көлемінде 439 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Олардың басым дені кәсіпкерлікке бет бұрып, немесе мамандық меңгеріп тұрмысын тіктесем деген ниетте. 


Хабарламаларға жазылу