Басылымдардан қосымша құн салығын алып тастау бойынша заң жобасы қаралып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Басылымдардан қосымша құн салығын алып тастау бойынша заң жобасы қаралып жатыр

25.01.2023

Онлайн-платформа мен интернет жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжат аясында газеттерден қосымша құн салығын алып тастау көзделген.

Өңірлік басылымдардың сайттарын жасау мен әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі.

Бұл туралы бүгін елордада алғаш рет өтіп жатқан өңірлік мерзімді басылымдар форумында айтылды. 

Қазір елімізде 5 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралы бар. Олардың 70 пайызы баспа мен басылымдар. Электронды ақпарат заманында қарапайым газеттің проблемасы жетіп артылады. Оқырмандар саны мен басылым таралымын көбейту, мекемені қаржыландыру және техникалық жаңарту барлық редакцияға ортақ.

Сондықтан ең алдымен жергілікті ақпарат құралдарын қолдау тарифтерін ұлғайту жоспарланып отыр.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Жергілікті БАҚ-ты қолдау тарифтері 2019-дан бері өзгермегені белгілі. Бұл шаралар жобалық тәсілдеу өңірлік мемлекеттік ақпараттық тапсырысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті БАҚ-қа жаңа серпін береді деген үміттеміз.

Әр аймақтағы басылымның өз ерекшелігі бар. Жиналғандар осыны ескере отырып, мемлекеттік ақпараттық саясатты тиімді жүргізу форматын қалыптастыру қажет дейді. Ал оқырмандарды күштеп емес, түсіндіру жұмыстары арқылы оларды газет оқуға тәбиелеу маңызды.

Гүлмира Әбішева, «Маңғыстау медиа» холдингінің директоры:

Соңғы кездері газетке жазылу қиындап кетті. Ол енді шындық. Мемлекеттен газетке супсидия бөлінсе. 50 процентін бізге субсидия арқылы беретін болса, 50 процентін өзіміз қосамыз да, газеттерді тегін шығаруға да қолдау жасар едік.

Енді журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беріледі. Ол үшін «Масс-медиа туралы» заң қабылдау жоспарланып отыр. Онда журналистердің жеңілдікпен пәтер алуы, медициналық қызметтерді пайдаланғанда қолдау көрсету туралы нормалар бар. Жиында Қазақстандық қоғамдық даму институты базасында қызметкерлердің біліктілігін арттыру мен салалық журналистиканы дамыту мақсатында шеберлік сыныптары өткізілетіндігі айтылды.

Бауыржан Сейсенов, Атырау облысы «Қызылқоға» аудандық газетінің бас редакторы:

«Дипломмен ауылға!» бағдарламасын осы журналистерге де ұсыну мәселесі өте орынды мәселе. Журналистерді тәрбиелеу – бұл қазіргі өзекті мәселелердің бірі. Осы форум арқылы көптеген мәселе шешіледі. Ол жоғарғы жаққа жеткізіледі деп есептейміз.

Басылымдарды тарату төңірегінде түйіткілді түйіндер де бар. Бұл бағытта министрлік «Қазпоштамен» баспа өнімдерін уақтылы жеткізу мен жазылуға оңтайлы жағдай жасау туралы меморандумға қол қойған.

Басты жаңашылдықтардың бірі - онлайн-платформа мен интернет жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Құжат аясында газеттерден қосымша құн салығын алып тастау көзделген.

Дарын Сағитов



Хабарламаларға жазылу