АҚШ-та ұлттық қарыз мөлшері шекті межеге жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та ұлттық қарыз мөлшері шекті межеге жетті

24.01.2023

АҚШ сыртқы қарызын өтей аламай дефолтқа ұшыраса, оның соңы жаһандық қаржылық дағдарысқа әкеледі. Қаржы министрі Джанет Йеллен осылай деп мәлімдеді. Себебі, елдің ұлттық қарызы Конгресс бекітіп берген шекті межеге жетті. Оны шұғыл арада қайта ұлғайтпаса, Америка қарыздарын уақытылы өтей алмай қалу қауіпі бар.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

АҚШ-тың ұлттық қарызы қазір 31,5 триллион доллар. Яғни, шекті межесінде тұр. Демек, енді Үкімет сырттан қарыз алу үшін Конгресс заңды өзгертіп, шекті межені ұлғайту керек. Сонда ғана атқарушы билік елдегі түрлі қорлардан және шетелдерден қаржы тарта алады. Қаржы министрі депутаттар бұған шұғыл рұқсат бермесе, мемлекет жалақы, зейнетақы секілді әлеуметтік төлемдермен қатар халықаралық міндеттемелерін өтей аламай, қаржылық рейтингі күрт төмендейтінін ескертті. Бұл сайып келгенде доллардың резервтік валюта ретіндегі рөліне нұқсан келтірмек.

Стивен Риччиуто, экономист:

Егер АҚШ үкіметі құнды қағаздар шығару арқылы ақша жинай алмаса, онда АҚШ Қазынашылығының қаражаты бітуі мүмкін деген қауіп бар. Бұл дефолт болып саналады және бұл АҚШ үкіметінің несиелік рейтингіне айтарлықтай кері әсер етеді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Дегенмен Конгрестің Өкілдер палатасын бақылауына алған республикалық партия қарыздың шекті көлемін ұлғайтуға қарсы. Өйткені, қарыз мөлшері елдің ішкі жалпы өнім көлемінен әлдеқашан асып кеткен. Сондықтан республикашылдар бюджет шығыстарын қысқартуды талап етіп отыр. Тіпті әлеуметтік сала мен денсаулық жүйесіне бөлінген ақшаны да азайтуға бар.

Кевин Маккарти, АҚШ Өкілдер палатасының спикері:

Қарызды ұлғайтудың шегі бар ма? Сондықтан біз сұрап отырмыз, «Енді мінез-құлқымызды өзгертейік». Ол - президент. Біз Палатадағы көпшілікпіз. Ымыраға келіп, теңдестірілген бюджетті қабылдау керек.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Бірақ, президент Джо Байден республикалық партияның талабы орынсыз деп мәлімдеді. Өйткені, бюджет қысқарса қарапайым халық қолдаусыз қалады. Нақты айтқанда федералдық шығындардың үштен бірі әлжуаз топты әлеуметтік қамсыздандыру мен медициналық сақтандыруға жұмсалады. Ақ үй басшысы одан да болмашы салық төлеп отырған алпауыттарға салмақ салу керек деп санайды.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Бұл 200 жылдан астам уақыт бойы қордаланған қарыз. 200 жыл. Әзіл емес. Бірақ сол қарыздың төрттен бір бөлігі менің алдымдағы президенттің төрт жылдық басқару кезінде жиналды. Америкада 745 миллиардер бар. Олар төлейтін орташа салық мөлшерлемесі екі пайыз. Менің ойымша, олар бұдан көбірек төлеуі керек.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Конгресс ұлттық қарыздың шегін 2008 жылғы дағдарыстан бері тұрақты ұлғайтып келеді. Бірақ билік партиясы мен оппозиция әркез текетіресіп қалады. 2019 жылы тіпті, екі жақ орта мәмілеге келе алмай, қаржының жоқтығынан кейбір бюджеттік мекемелер 35 күнге жабылып қалған еді. Ал, бұл жолы төтенше шараларды қолға алған қаржы министрлігінің бес айдан соң ақшасы да амалы да таусылады. Оған дейін билік пен оппозиция келісе алмаса, елді үлкен қаржылық қиындықтар күтіп тұр.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу