Өзбекстанда сотталған отандастарымыз елге қайтарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда сотталған отандастарымыз елге қайтарылады

18.01.2023

Өзбекстанда сотталған Қазақстан азаматтары елге қайтарылады. Мәжілісте тиісті құжатты ратификациялау туралы заң қабылданды. Бұл шарт Ата заңда бекітілген талаптарды жүзеге асыруға бағытталған. Елімізден тыс аумақта жүрген азаматтарды қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік берілген. Мұндай норма Өзбекстан Конституциясында да бар. Бұл келісім екі елдің бір-біріне деген сенімінің белгісі, - дейді Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев. Құжатқа қол қою үшін, бірнеше жыл келіссөз жүргізілді. Екі ел арасындағы миграциялық процесс пен қылмыстық ахуал зерделенді.

Айта кетейік, Өзбекстанда сотталған Қазақстанның 20 азаматы бар.

Әсет Шындалиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

Сотталған адамды беру үшін, ең алдымен, оның келісімі қажет. Ол адам жазасын өз елінде өтейтіні туралы өтініш беруі тиіс. Яғни, сотталғандар еркінен тыс еліне берілмейді. Мысалы, қазір бізде сотталған 225 Өзбекстан азаматы өз елінде жазасын өтеу туралы өтініш білдіріп отыр.

Қазақстан мен Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы заң қабылданды. Онда тергеу амалдарын жүргізу, тінту сияқты іс-шаралар ескерілген. Бірақ, қылмыстық жауапқа тарту үшін адамдарды беру немесе экстрадициялау аталған құжатта қамтылмаған. Атап айтқанда, осы шарт Мұхтар Әблязовке қатысты емес. Мұндай құжаттар осыған дейін 29 мемлекетпен бекітілген. Прокурор орынбасарының айтуынша, істі болған адамдарды алдыртуға қатысты жеке шарттар бар. Бұл құжат аясында елге қайтару талаптары болады. Бірақ мұндай шарт Франциямен бекітілмеген.

Хабарламаларға жазылу