Жаңақорғандағы жаңа мектеп оқушыларға жайсыз болып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорғандағы жаңа мектеп оқушыларға жайсыз болып тұр

16.01.2023

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында былтыр ғана пайдалануға берілген жаңа мектеп балалар үшін жайлы болмай тұр. Екі млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған білім мекемесінде түрлі шара өткізетін арнайы орын мен ауласында спорт алаңқайы жоқ. Олқылығы көп нысанға көптің көңілі толмай отыр. 

Бұл мектеп төңірегіндегі дау 2019 жылы құрылыс кезінде-ақ басталған. Себебі, ғимарат түскен жер бұрынғы көлшіктің орны болған. Сондықтан, нысанды салу кезінде қаржының басым бөлігі іргетасы мен жерін тегістеуге жұмсалған.

Ләззат Бақтыбаева, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестік өкілі:
Қазір біз Құрылыс басқармасымен сөйлескен уақытта да мұның негізгі бір миллиардтан аса сомасы фундамент пен жердің астына кеткен деп отыр. Жаңақорған ауданы бойынша меніңше қаражатты жерге көмбей-ақ, тегіс жерге салуды қарастыру қажет еді.

Жаңа мектеп 600 орынға лайықталып салынған. Оқушылар мұнда жаңа жылдан бастап оқып жатыр. Бірақ, екі қабатты ғимаратта акт зал жоқ. Мүмкіндігі шектеулі балалардың да жүріп-тұруына жағдай жасалмаған. Тіпті, шатырында қарапайым суағарға дейін қарастырылмапты.

Әділмырза Тәждинов, №169 мектептің директоры:
Жоба бойынша жоқ. Бірақ, бізде үлкен бір залдар бар. Сол залдарды біз акт зал есебінде пайдаланып отырмыз. Спорт алаңы бар сыртта. Смета бойынша қарастырылған.

Бірақ, мектеп директоры айтып отырған спорт алаңқайы жобада жоқ болып шықты. Салаға жауаптылар әу баста нысанның құны 3 миллиард теңгеге жуық болғанын айтады. Алайда, кейін қаржысын азайту мақсатында жобадан біраз дүние қысқартылған. Егер мектеп бұрынғы көлшіктің үстіне тұрғызылмаса барлық талаптарға сай салынар еді, дейді Құрылыс басқармасының басшысы.

Ерлан Төрәлиев, облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
Кезінде аудан әкімдігі сондай шешім қабылдаған. 2017 жылы жер комиссиясы осы жерді бізге таңдап берді. Біз соған жоба жасап мектепті салып шықтық. Басында жердің көлемі 3,5 га болған. Оның біз 1,4 га қысқарттық. 

Ал күн жылыған кезде оқушылар дене шынықтыру сабағын мектеп жанындағы орталық стадионда өткізеді дейді мамандар. Осылайша ауыл тұрғындары асыға күткен білім мекемесі балалар үшін жайсыз болып тұр. 

 Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу