Қарағанды облысының Теміртау қаласында жылудың мардымсыз берілуі салдарынан барлық мектептер қашықтан оқытуға көшті. Шағын шаһардағы орталықтан тарайтын жылу энергиясы қалыпты температурадан әлдеқайда төмен. Соның салдарынан білім мекемелері суып кеткен. Қазір қала билігі мәселені тез арада шешумен айналысып жатыр.
Теміртау қаласындағы оқушылар қазір түгел онлайн оқып жатыр. Себебі мектеп суық. Талап бойынша білім мекемесінде температура +17 градустан төмен болмауы тиіс. Алайда шаһардағы 23 мектептің кейбірінде термометр +10, + 13 градусты ғана көрсетеді.
Марина Грибанова, ұстаз:
Батареялар жылымық қана болып тұр. Кабинеттер мүлде жылымайды. Бізге ЖЭО келетін температура төмен екенін айтты. Амалсыз қашықтан оқытып жатырмыз. Тезірек мәселені шешіп берсе екен.
Жылу маусымы басталса болды теміртаулықтардан маза кетеді. Қаладағы жылу энергия орталығында жиі ақау шығады. Әбден ескірген қазандықтар қажетті температураны бере алмайды.
Бауыржан Сәрсенбаев, Теміртау қаласының тұрғыны:
Мектептер суық болып жүр. Содан кейін балаларды үйден оқытып отырмыз. Жылу өте төмен сапада беріліп жатыр. Осыған дейін барша талаптарымызды айтып жатырмыз.
Серік Бектұрғанов, Теміртау қаласының тұрғыны:
Балалар толық білім алатын жер ол мектепте ғана. Бізге қосымша нагрузка болып жатыр. Біз мектептегідей білімді бере алмаймыз. Бұл енді сол үшін мекеме, мемлекеттік мекеме. Қысым келіп жатқан жоқ. Ыстық келіп жатқан жоқ. Әкімшілік жалпы не болып жатқанын айтпайды.
Жылу беру маусымы басталған бетте қаладағы 7 мектептің құбырлары дайын болмаған. Ол олқылықтар түзелгенмен, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты 2-ші ЖЭО кесте бойынша қажетті жылу температураны бере алмай отыр. Мектептердегі қолайсыз жағдайды жою үшін қазір орталықтағы қосымша №5 қазандықты қосып жатыр.
Самат Зияшов, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:
Жылыту маусымы басталғалы бері ол жерде жиі проблемалар болып тұрады. Бірақ ол қала әкімінің тікелей бақылауында. «АрселорМиттал» басшылығы уәде берген жылу тұрақталады деп. Кешке тағы тексереміз, температурасы нормаға сәйкес келсе, ертең біз оқышуларды қайта оқуға жіберетін боламыз.
Қазір Теміртаудағы ЖЭО барлығы 4 қазандық пен үш турбогенератор жұмыс істеп тұр. Жалпы ЖЭО бөлек қала ішіндегі ескі құбырларды да түгел ауыстырмай мәселе шешілмейді.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Теміртау қаласының жылу магистралінің жалпы ұзындығы 417 шақырымды құрайды. 2022 жылы бюджеттің 4 млрд теңгесіне шамамен 6 шақырымдай құбыр жөнделген. Жыл өткен сайын тұрғын үйлер мен жаңа нысандар көптеп салынуда. Бұл ЖЭО мен құбырларға қосымша салмақ. Сондықтан металлургтер шаһарының жылу мәселесіне көңіл бөліп, олқылықтарды жою керек,- дейді мамандар.
Руслан Нұрланұлы