Түркиядағы депутат қазақ әйелі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркиядағы депутат қазақ әйелі

14.01.2023

Алтайдан ауған қазақтардың Түркияға қоныс тепкеніне 70 жылдан асты. Қандастарымыз алыс елге бара сала қарап отырмай қызу еңбекке араласты. Сауда жасады, тері иледі. Өздері қиналып жүрсе де балаларын оқытып, тоқытуды ұмытпады. Бүгінде сол балалар азамат болып, Түркияның қоғамдық өміріне белсене араласып жүр. Солардың бірі Ыстамбұл қаласы Зейтінбұрны аудандық мәслихатының депутаты Рашида Юксел.

Рашида апайдың негізгі мамандығы дәрігер. Өзі Ыстамбұлдың Зейтінбұрны ауданында туып өскен. 400 мыңға жуық тұрғыны бар бұл ауданда қазақтар көп шоғырланған. Рашида Юксел сол қазақтар арасынан шыққан тұңғыш әйел дәрігер, әрі тұңғыш мәслихат депутаты. Жастайынан білімге құштар болған ол, оқуына әкесі көп ықпал еткенін айтады.

Рашида Юксел, Стамбұл қаласы Зейтінбұрны аудандық мәслихатының депутаты:

Аннем-бабам Кайсериге Мусажылы көйіне барыпты, ол жерде үй беріпті. Біраз тұрған соң менің әкем менің балаларым бұл жерде оқи алмайды деп Стамбулға келіпті. Мында келген соң оқығандарың дұрыс болады деп бізді оқуға берді. Біз жеті ағайындымыз, ата анамыз барлығымызды да оқытты. Ол уақытта қыздарды оқытпайтын. Әкемнің арқасында мен қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер қыз болдым. 27 жыл дәрігер болып, 2014 жылы зейнетке шықтым.

Зейнетке шыққан соң үйде қарап отыра алмаған Рашида апай өзі тұратын ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласа бастады. Көп ұзамай биліктегі АК партияның құрамында сайлауға қатысып, мәслихат депутаты болып сайланды.

Бұдан бөлек осы партияның әйелдер ісі жөніндегі комитетіне іріктелген Түркиядағы 50 әйелдің бірі. Өткен жылы Режеп Тайып Ердоғанмен бірге Қазақстанға барған делегация құрамына да алынды.

Өмер Арысой, Стамбұл қаласы Зейтінбұрны ауданының әкімі:

Рашида ханыммен мәслихат отырыстарында кездесіп тұрамыз. Бірге жұмыс істейміз. Өте білгір маман, сауатты саясаткер. Жалпы біздің Зейтінбұрнында қазақ бауырларымыз 1952 жылдан бері тұрады. Содан бері тату тәтті өмір сүріп жатырмыз.

Рашида Юксел, Стамбұл қаласы Зейтінбұрны аудандық мәслихатының депутаты:

2019 жылы аудандық мәслихат сайлауында жеңіп шықтым. Мәслихатта 37 депутат бармыз. Айына екі үш рет жиналып, ауданның бюджетінен бастап, баға саясаты, түрлі жобаларды жүзеге асыру сияқты мәселелер бойынша талқылау жасап, шешім шығарамыз. Бұдан бөлек «АК» партия орталық комитетінің әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшесі ретінде түрлі деңгейдегі саяси жиындарға да қатысып тұрамын.

Рашида апайдың жолдасы Фетхи Ахмет Юксел түрік азаматы болғанымен жаны қазақ. Өзі тарихшы, профессор. Қазақстанда бірнеше археологиялық қазба жасаған беделді ғалым. Рашида ханым туған-туысқа да қамқор. Бүгінде Түркия мен Германияда бірнеше ІТ компаниясы бар ірі кәсіпкер, жиені Бешеретхан оқушы кезінен нағашы апайынан көп қолдау көргенін айтады.

Бешеретхан Малбақан, Р.Юкселдің жиені:

Рашиде Юксел тәтем осы жерде мектеп бітірген. Түркиядағы қазақтар арасынан шыққан тұңғыш дәрігер деп айта аламыз. Рашиде тәтемнің маған көп көмегі болды. Лицейде жүргенде маған көп көмектескен кісі. Шешемнің қарындасы болып келеді. Өзі депутат. Зейтінбұрны әкімдігінде жұмыс істейді.

70 жыл ішінде Түркия қазақтары арасынан профессор да, дәрігер де, инженер де шықты. Бүгінгі буын жастар да білімге құштар. Түрік ағайындар қазақтар ешкімге алақан жаймай, өз еңбегімен осы деңгейге жетті, сондықтан оларға құрметіміз ерекше дегенді жиі айтады. Ал Рашида Зейнешқызы қайда жүрсем де қазақ деген атқа кір келтірмей, туған еліме, ұлтыма қызмет етемін деген қағиданы берік ұстанамын дейді.

 Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу