Еліміздің басым бөлігінде жол қозғалысы қиындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің басым бөлігінде жол қозғалысы қиындады

10.01.2023

Ауа райына байланысты еліміздің басым бөлігінде жол қозғалысы қиындады. Қатты аязда жолда қалып қойғандар бар. Оларға көмек көрсетіліп жатыр. Солтүстік өңірде суық ауа райы алдағы күндері де сақталады. Ал Ақмола облысында алдағы түнде температура -40 градусқа дейін төмендейді деген болжам бар.

Ақмола облысында дизель отынымен жүретін жолаушылар автобусынан 49 адам Щучинск қаласындағы жылыту орнына жеткізілді. Олардың алтауы бала. Барлығы Тәжікстан Республикасының азаматтары. Олар Ресейге жол тартқан.

Қостанай облысында да Тәжікстанның 15 азаматы қауіпсіз жерге жеткізілді. Олар Тобыл қаласындағы жылыту пунктіне орналастырылды. Сондай-ақ, жолдан шығып кетіп, қар құрсауында қалған Түркия азаматтарына көмек көрсетілді.

Шығыс Қазақстанда қар құрсауында қалған 11 адам құтқарылды. Олар жаңа жыл мерекесі кезінде Глубокое ауданына қарасты Волчиха ауылының маңындағы демалыс орнына барған. Бірақ тоқтаусыз соққан қарлы бораннан ешқандай байланыссыз қалған. Тек арада бір апта өткен соң облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары арнайы көлікпен барып туристерді алып шыққан.

Қатты аязға байланысты Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Атырау облысында оқушылар қашықтан білім алуға көшті. Бұл өңірлерде ауа температурасы -30 градус шамасында. Түркістан облысының бірнеше ауданында мектепке тасымалданып оқытылатын балалар қашықтан білім алу форматына ауыстырылды.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу