Украинаға 3 млрд доллардың қару-жарағы жіберіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаға 3 млрд доллардың қару-жарағы жіберіледі

09.01.2023

Украина әскері көктемде елдің шығысында кең көлемді шабуылға шығуға әзірлік жасап жатыр. Сарапшылар АҚШ-тың Украинаға құны 3 миллиард доллардан асатын кезекті әскери көмегін жіберуі соның дәлелі дейді. Себебі жаңа қару жарақтың ішінде алғаш рет жаяу әскерге арналған шынжыр табанды көліктер де бар. 

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Бұл жолы жіберілетін қару-жарақ пакеті ең ауқымды әскери көмек болғалы тұр. Тізімге гаубицалар, қашықтан басқарылатын көп реттік зымыран жүйесі, дрондармен өзге де жабдықтардан бөлек, алғаш рет әуе шабуылына қарсы қорғанысқа арналған «Теңіз торғайы» зымырандары да қосылған.

Бұл зымырандар елдің энергетикалық инфрақұрылымдарын Ресейдің соққыларынан қорғау үшін аса қажет. Сондай-ақ бірінші рет берілгелі отырған Брэдли жауынгерлік көліктері елдің шығысындағы қорғанысты нығайтып, Ресей әскері басып алған жерлерді азат ету үшін өте маңызды құрал болмақ.

Джон Кирби, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі:

Шығыста, әсіресе Донбасс аймағында соңғы апталарда өте қиян-кескі шайқас болып жатыр. Ресейліктер Бахмутты басып алу үшін барын салуда. Украинаның бұл ауданы ауылшаруашылық алқаптары мен ашық далалы жерлер. Брэдли жауынгерлік көліктері осындай жер бедері жағдайында соғыс тактикасы үшін өте қажет.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Брэдли- шынжыр табанды болғанымен, жеңіл әрі жылдам. Сарбаздарды соғыс алаңына қауіпсіз жеткізуге арналған. Ең бастысы мұны әскери сарапшылар танклердің қас жауы дейді. Себебі танкіге қарсы зымыран жүйесі орнатылған. Бірақ бұл көліктер Украинаға көктемде бір-ақ жетуі мүмкін.

Лаура Купер, АҚШ Қорғаныс министрі көмекшісінің орынбасары:

Бізге украин әскерилерін оқыту үшін негізінде бірнеше ай қажет. Қазір бастап жатқан жаңа оқу бағдарламасы бір уақытта шамамен бір батальонды, яғни бір айдың ішінде 500 сарбазды қамтиды. Осы жаттығу аясында оларға Брэдли көліктерін де қалай пайдалану керегін үйретеміз.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Қазіргі мәлімет бойынша, АҚШ 50 бронды көлігін жөнелтеді. Германия да осы тақлеттес Мордер БМПларын қоса берді. Сарапшылардың пікірінше, АҚШ пен одақтастарының қыста белсенді түрде қару жарық жеткізуді қолға алуы украин әскерінің көктемде елдің шығысын азат ету операциясын бастайтынын көрсетеді дейді.


Хабарламаларға жазылу