Әлеуметтік көмек: Таксидің орнына қаржы берілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік көмек: Таксидің орнына қаржы берілмек

05.01.2023

Шымкент қаласындағы ерекше күтімді қажет ететін балалары бар ата-аналар әлеуметтік такси қызметінен қағылды. Соның салдарынан, мүмкіндігі шектеулі балалар аурухана мен оңалту орталықтарындағы ем-домына бара алмай отыр. 

Гүлбақыт жаңа жылдан бері ауру қызын дәрігерге қарата алмай жүр. 12 жастағы перзентінің тумысынан мүгедектігі бар. Мемлекет қамқорлығының арқасында 4 жылдан бері әлеуметтік такси қызметін пайдаланып мектептегі сабағын да, оңалту орталығындағы ем шарасын да үзбей келіп еді. Енді оларға мұндай қызмет түрі көрсетілмейді.   

Гүлбақыт Маденова, қала тұрғыны:
Емханаға баруым керек еді. Оған дейін реабилитациялық орталықтарымыз бар. Соларға баруым керек. Бүгін жұмыс күні басталды. Діттеген жерге жете алмай отырмыз.

Жыл жаңарғалы бері Шымкенттегі 800-ге жуық ата-ана Гүлбақыттың күйін кешіп отыр. Мәслихаттың шешімімен енді әлеуметтік такси қызметінің орнына олардың әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша берілмек. Бірақ ата-аналар бұл қаржы мұқтаждығымызды өтемейді деп налиды.

Гүлмира Үсенбекова, Ерекше күтімдегі балалары бар ата-аналар одағының қалалық филиал басшысы:
Әр емханаға алып жүру үшін балаларды ана жерден мөр керек, мына жерде бір қағаз керек. Шаруалары шаш етектен. Менің өзімде 2 баламды көрсетуге 7-8 мың кетіп қалады екен. Сонда олардың беретін 15 мыңы қай жерімізге жарайды. Біз мүгедектер пәтер жалдап тұрамыз. Мендегі аналардың 80 пайызы жалғызбасты.

Ерекше күтімдегі балалары бар ата-аналарға қамқорлық жасау үшін былтыр 58 автокөлік әлеуметтік такси қызметін атқарған. Алайда бұл тірлік соңынан сұйылып кетті. Таксилер жиі бұзылып, шақыртуларға дер кезінде келмейтінді шығарды. Сондықтан қызмет түрін өзгертуге тура келген.

Мақсат Жолдасбеков, Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:
Азаматтардың наразылығын болдырмау үшін әр азамат кез-келген уақытта өтініш беріп, диспечерге, оны күтіп отырып келмей қалса, көлік бұзылады. Әртүрлі мәселелерді болдырмау үшін әр азаматтың жеке есепшотына аудару тиімді деп осындай шешімге келдік.

Шымкентте әлеуметтік қызметтің бұл түріне бөлінетін қаржы көбейді. Былтыр такси қызметі үшін 130 миллион теңге бөлінген болса, биыл осы мақсатқа одан 20 миллионға ақша артық қаралған.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу