Елімізде онкологиялық аурулар көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде онкологиялық аурулар көбейіп барады

05.01.2023

Елімізде онкологиялық аурулар көбейіп барады. Ең сорақысы бұл дерт жастар арасында жиі анықталып жатыр. Орташа есеппен 100 мың адамның 200-і қатерлі ісікке шалдыққан. Сол себепті дәрігерлер дабыл қағып отыр. Олар халыққа аурудың алдын алу және скринингтік тексерістен өтіп, дертті ерте анықтау қажеттігін ескертеді.  

Бейбіт Жазықбек 67 жаста. Тамыз айында дәрігерлердің айтуымен скринингтік тексерістен өткен. Ішегінде үш ісік анықталыпты. Дер кезіндегі тексерістің нәтижесінде онкологиялық ауру бастапқы сатысында екені белгілі болды. Эндоскопиялық тәсілмен қатерлі ісіктер алынып тасталған. Қазір зейнеткер обыр ауруынан ада.

Бейбіт Жазықбек, зейнеткер:
Дәрігерлердің көмегі арқылы күресуге болады. Анау-мынау деп өз қолдарыңыздан ем жасамай, мамандардан сұраған абзал. 

Өкінішке қарай, қазір елімізде онкологиялық аурулар көбейіп барады. Тіпті, жылына орта есеппен 500-600 баладан онкологиялық дерт анықталады.

Кенжебек Ахметов, ҚР ПІБ МО ауруханасының онколог дәрігері:
Жылдан жылға онкологиялық аурулар көбейгенде, өрескел көбейіп жатыр. Әсіресе қазіргі ойландыратын жағдай бұрын 15-20 жыл бұрын өте егде жастағы азаматтарымыз ауыратын болса, қазір жастар, тіпті балалардың арасында белең алып отыр.

Дегенмен қазір еліміздегі медицина саласы дамып, әсіресе онкологиялық ауруларды анықтауға, емдеуге бағытталған заманауи құрылғылар артып келеді. Білікті мамандар да бар. Мысалыға, фотодинамикалық терапия мен эндоскопиялық тәсіл жүйелі, жемісті жүзеге асып жатыр.

Жеңісбек Тыңғозиев, дәрігер-эндоскопист:
Біздің қазіргі тексерулердің арқасында өте көп жетістіктерге қол жеткізіп жатырмыз. Бұрындары шетелде қолжетімді болса қазір біздің клиникада, Қазақстанда қолжетімді. Біз эндоскопиялық жолмен бірнеше операция жасадық. Онымен қоса асқазан, ішек жолдарында тару болады. Оларды да стент қою арқылы науқастарға көмектесіп жатырмыз.

Обыр дертіне шалдыққан науқастардың арасында ерте түңіліп, аурумен күресті азайтатындар бар. Алайда, мамандар обыр дерті соңғы үкім емес, емделеді дейді.

Кенжебек Ахметов, ҚР ПІБ МО ауруханасының онколог дәрігері:
Онкологиялық аурулар бұл емделетін созылмалы ауру деп санауға болады. Бірінші сатысында 95 пайызға дейін емделеді. Екінші сатысында анықталғандар 80 пайызға дейін емделеді. Үшінші сатысында 30-50 пайызға дейін құрайды.

Сол себепті, скринингтік тескерістерден өтіп, ауруды ерте анықтау қажет. Тек, сонда ғана құлан-таза айығуға сенім мол. Науқас үшін медицина – мүмкіндік, дәрігер –дәнекер.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу