Ел ықыласына бөленгендер марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел ықыласына бөленгендер марапатталды

30.12.2022

Халықтың ықыласына бөленген жыл үздіктері. Ерен ерлігімен, қайтпас қайсарлығымен, спорттағы жетістіктерімен көзге түскен кіл мықтылар биыл да «Жыл таңдауы - Жыл адамы» сыйлығымен марапатталды. Олардың арасында еліміздің бірінші ракеткасы, «Уимблдон» жеңімпазы – Елена Рыбакина бар. Ал, жуырда елордада болған өрттен адамдарды құтқарам деп қаза тапқан – Асқар Забикулин «Алтын адам» премиясына лайық деп танылды. Жыл үздіктерінің қатарында тағы кімдер бар?

Мерей Қонысбаев Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында техника және қару-жарақ басқармасында қызмет етеді. Оның міндеті - жеткізілген техниканы қадағалау, тексеру, істен шықса, жөндету. Әскери салаға 15 жасында келген офицердің бүгінде 20 жылдық еңбек өтілі бар. Антқа адалдығы мен мүлтіксіз қызметі еленіп, биыл «Жыл таңдауы - Жыл адамы» сыйлығының лауреаты атанды.

Мерей Қонысбаев, ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының броньді танк қызметінің бастығы:

Күтпеген жерден болды. Ұсынды, шақырды. Марапатымды алдым. Туған-туысым қуанышты, өзім қуаныштымын. Әріптестерім қуанышты. Мұндай марапатты әскери қызметшілер жылда ала бермейді. Биыл сондай күн туыпты.

20 жыл бойы Қазақстанның 10-ға жуық облысындағы әскери бөлімдерде қалтқысыз қызмет атқарған офицер үшін бұл - мақтаныш. Ал артынан ерген жас сарбаздарға - үлгі-өнеге.

Биыл қараша айында елордада өртеніп жатқан пәтерден 4 адамды аман алып шығып, алайда өзі ажал құшқан – Асқар Забикулиннің де есімі еленді. Ол «Алтын адам» премиясына лайық деп танылды.

Абылайхан Бірлес, Асқардың досы:

Асқар енді жоқ ғой. Ол енді тек есімізде қалды. Орден тарих ретінде қала берсін. Ертең балалар өседі, біздің балаларымыз өседі. Көрсетеміз, айтамыз. Осындай батыр ағаларыңыз болды деп.

Ерен ерлік - елге мұра. Астана қаласындағы Үркер тұрғын үй алабындағы көшелердің біріне Асқардың есімі берілді. Артында екі қызы мен жұбай қалған қазақтың батыр ұлы жайлы жуық арада фильм де түсіру жоспарланған.

Биыл отандық спорт саласы да олжалы, жеңісті һәм жемісті болды. Мысалы, қазақстандық теннисші - Елена Рыбакина «Уимблдон» турнирінде топ жарып, ел намысын асқақтатқан еді. Оған «Спорттағы жыл серпіні» аталымы бойынша «Алтын адам» сыйлығы табысталды.

Елена Рыбакина, Қазақстанның бірінші ракеткасы:

Бұл өте үлкен жетістік. Мені қолдаған командама алғыс айқым келеді. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Келер жылы да осындай табысты жыл болады деп үміттенеміз.

Бұған дейін мұндай сыйлықты Александр Винокуров, Генадий Головкин, Қазбек Валиев, Ольга Шишигина сынды танымал жерлес спортшыларымыз да алған еді. Айта кетейін, «Алтын адам» - ел дамуына сүбелі үлес қосып, халықтың ықылас-ілтипатына бөленген үздіктерге табысталатын мерейлі марапат.

Нұрсұлтан Тілектес 

Хабарламаларға жазылу