Сенат отырысы: Мемлекет басшысы министрлер кабинетінде кадрлық өзгерістер болатынын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат отырысы: Мемлекет басшысы министрлер кабинетінде кадрлық өзгерістер болатынын айтты

29.12.2022

Жаңа жылдың басында ел Үкіметін ауыс-түйіс күтіп тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер кабинетінде кадрлық өзгерістер болатынын айтты. Лауазымды орнымен кім қош айтысады? Әзірге бұл жағы белгісіз. Президент бүгін Сенат отырысына қатысып, маңызды мәлімдемелер жасады. Ол көпшіліктің әл-ауқатына байланысты Ұлттық банк пен Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндеттерді де атап өтті.

Мерекелік демалыстар қарсаңында Мемлекет басшысы өтіп бара жатқан жылды қорытындылап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындап берді. Президент 2022 жыл халық үшін оңай болмағанын айтты. Жыл басында қаңтар оқиғасы ел жүрегіне өшпес жара салып кетті. Пандемияның салдарын енді еңсеріп келе жатқанда, әлемдегі геосаяси ахуал ушығып, қымбатшылық бүйірден қысты. Соған қарамастан ел экономикасында даму бар. Дегенмен жайбарақат отыруға болмайды деді, Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алдымызда тұрған негізгі мақсат – еліміздегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтап қалу, Қазақстанның жарқын болашаққа қарай қарқынды дамуына жол ашып беру. Әрине, бұл жолдың оңай болмайтыны анық. Біз осы күрделі жағдайда экономиканың құлдырауына жол берген жоқпыз. Өткен 11 айдың қорытындысы бойынша экономикамыз 3 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 6,5 пайызға артты.

Жақында ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент министрлер кабинетін сынға алған еді. Бұл жолы да үкімет сөз астында қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еліміз үшін өте маңызды бірқатар мәселе бойынша Үкімет лайықты белсенділік көрсетіп отырған жоқ, шешімдерін баяу қабылдап жатыр. Үкімет осы олқылықтарды түзету үшін әрекеттерін қолдануда, таяу арада оның жұмысының тиімділігі артады деп ойлаймын. Премьер-министрдің ұсынысы бойынша Жаңа жылдың басында Үкіметте бірқатар кадрлық өзгерістер жасамақшымын. Жалпы, Үкіметтің алдында тұрған мақсаттар – өте ауқымды және өзекті.

Ал басты міндет экономиканы дамыту. Президенттің сөзінше, келер жылы жалпы ішкі өнім кемінде 4 пайызға өсуі тиіс. Осылайша ол алғаш рет 250 миллиард долларға жетуі қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұлттық банк пен Үкіметтің алдында тағы бір маңызды міндет тұр. Бұл – инфляцияны ауыздықтау. Тұрмысы төмен тұрғындарға оның қатты тиетіні анық. Осы мәселені шешпесек, экономиканы өркендету мүмкін емес. Халықтың әл-ауқатын арттыру және елге инвестиция тарту қиынға соғады. Сондай-ақ, жаңа өндірістер салып, жұмыс орындарын ашу керек. Әсіресе, жастарды жұмыспен қамту өте маңызды. Әйтпесе, инфляцияның өсуінен азаматтарымыз үлкен зиян шегуі мүмкін.

Биылғы жылыту маусымы атқарушы билік үшін үлкен емтиханға айналып отыр. Бірінен соң бірі апат болып, қалаларда төтенше жағдай болды. Президенттің сөзінше бұл ел ішінде қордаланған мәселелердің көп екенін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта мұндай жол бермеу керектігін ескертті. Ал алдағы Парламент сайлауы ел тарихындағы маңызды белес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сондықтан келе жатқан Парламенттік сайлауға мен өзім Мемлекет басшысы ретінде айрықша мән беріп отырмын. Бұл сайлау еліміздің заңына сәйкес әділ және ашық өтуге тиіс. Жалпы, біз азаматтық қоғамның беделін арттыруымыз керек. Азаматтардың лайықты белсенділігі болмаса, еліміз озық болмайды. Бұл – ақиқат. 

Мемлекет басшысы адам құқығын қорғау саласына әрдайым айрықша мән беретініне тоқталып, соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әділдік пен заңдылықты қамтамасыз ету – мемлекеттің міндеті. Қоғам бізден осыны күтіп отыр. Сондықтан биыл адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасты. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдік және иммунитет берілді. Бас прокурордың құқық қорғау құзыреті күшейтілді.

Президент Конституциялық Соттың кадрлық құрамын жасақтау кезінде сабақтастық сақталуға тиіс екенін айта келіп, жаңа органның төрағасына айрықша міндет жүктелетініне назар аударды. Осы ретте Мемлекет басшысы осы жауапты қызметке Эльвира Азимованы ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Эльвира Әбілхасымқызы – тәжірибелі, білікті маман. Заң шығару жұмысын, халықаралық құқық саласын өте жақсы біледі. Ол 20 жылдан астам уақыт Әділет министрлігінде еңбек етті. Қатардағы қызметкерден министрдің орынбасары лауазымына дейін көтерілді.

Ал Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымына Президент Артур Ластаевты ұсынды. Депутаттар бірауыздан қолдады. Президент биылғы жұмыстарды қорытындылай келе алда ауқымды жұмыс бар екенін еске салды. Мақсатымыз айқын. Бұл – мемлекетімізді нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру деді, Президент.

 Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу