Мақұлданған шешім: Елордада жаңа аудан құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақұлданған шешім: Елордада жаңа аудан құрылады

28.12.2022

«Алматы», «Байқоңыр», «Есіл», «Сарыарқа». Енді, Астанада тағы бір аудан құрылады. Себебі, елордада халық саны өсіп келеді. Қазірдің өзінде тұрғындардың саны 1 млн 200 мыңнан асқан. Ал, бір ғана Есіл ауданының өзінде 400 мыңнан аса тұрғын бар. Сол себепті, жаңа аудан құру қажеттілігі басым. Бесінші әкімшілік-аумақтың шекарасы 19 мың гектардан асады, ал атауын қалалық мәслихат «Нұра» деп бекіткен. Енді бұл шешім Үкімет жанындағы ономастика комиссиясына жолданады.

Сәкен Есіркеп, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
«Нұра» деген өзеннің аты білесіздер. Тарихи-географиялық маңызы зор. «Есіл-Нұра» деп аталған. «Еділ-Жайық» дейміз, «Сырдария мен Амудария» дейміз, «Шу мен Талас» дейміз, дәл сол сияқты егіз ұғымды Қабанбай батыр даңғылының сол жағын «Нұра», оң жағын «Есіл» деп атау тоқтамға келдік.

Мәслихат мақұлдаған шешім

Сондай-ақ, сол жағалаудағы 38-ші көшеге «Әл-Фараби» атауын және «E 583» аталатын көшеге батыр, өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің есімі берілмек. Бұдан бөлек, Әлихан Бөкейхан көшесінің басталар тұсындағы шағын ғана саябақ - Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңы деп аталады. Бұл ұсыныстарды да елорда мәслихаты бірауыздан қолдады.


Хабарламаларға жазылу