Қостанай облысы: Ауыл оқушыларына робототехника үйірмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысы: Ауыл оқушыларына робототехника үйірмесі ашылды

28.12.2022

Ауыл баласының да бастауыштан бастап робот жасауды меңгеруіне мүмкіндік бар. Қостанай облысының Алтынсарин ауданында 4 жылдан бері робототехника үйірмесі жұмыс істейді. Оның ең кішкентай қатысушыларының жасы 7-де, ең үлкені 16-да.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Мына роботтар сайысы «Сумо» деп аталады. Мұнда да жапон күресіндегі тәрізді темір техника бір-бірін итеріп шеңберден шығарып жіберуге тырысады. Бұл роботтар сайысының ең көп кездесетін түрі.

Әли мен Бекарыстың жасы жетіде, 2 сыныпта оқиды. Робот жасау үйірмесіне де былтырдан бері бірге келіп жүр. Әзірге сайысқа қатысып жүлде алған жоқ. Бірақ балақайлардың ынтасы зор. Айтатын әңгімелері де ортақ.

Бекарыс Нағашыбай, оқушы:

Екеуің роботтар туралы әңгімелесесіңдер ме? – Иә, кейде білмегенімізді сұраймыз, бірімізде жоқ бөлшекті бере тұрамыз. Көмектесеміз.

Ал Бибатыр мен Асқат үйірмедегі тәжірибелі оқушылардың қатарынан. Ұстаздарының көмегімен роботтың түр түрін жасауға әбден машықтанған. Әртүрлі деңгейдегі сайыстарға да қатысып жүлделі орындар алып жүр.

Бибатыр Біржанұлы, оқушы:

Бізге Мәди ағай керекті заттарды айтады. Соны біз құрастырамыз. Жүргіземіз, соғыстырамыз. Роботтарды телефондағы джостик арқылы басқарамыз.

Асқат Жақан, оқушы:

Мен Рудныйдағы, Сарыкөлдері жарыстарға қатыстым. Екеуінде де екінші орын алдым.

Аудан орталығындағы «Балалар шығармашылығы үйіндегі» бұл үйірмеге бес топқа бөлінген қырықтан аса бала қатысады. Жақын ауылдардың да оқушылары келеді. Мәди Қаратай осы үйірмеге ашылған күнінен бері жетекшілік етеді. Оқушылардың талпынысы, ұстаздың талабы күшті. Алайда қаланың деңгейіне жетуге қолбайлау көп.

Мәди Қаратай, үйірме жетекшісі:

Жаңа техника, компьютер алып берсе күшті болар еді. Өйткені компьютер аз. Бір бала роботын құрып болса, екіншісін күтіп отырып қалады. Өйткені роботтың программасын жасауға бізде компьютер жетіспейді. Роботтың комплектілері де жетіспейді.

«Балалар шығармашылғы үйінде» робототехникадан басқа тағы бес үйірме жұмыс істейді. 600 – ден астам бала қатысады. Осы үйірмелерді керек-жарағымен қамтуға келесі жылы аудандық білім бөлімі 5 млн теңге бөлеміз деп отыр. Соның ішінде робот жасау үйірмесіне 2 ноутбук пен бір компьютер сатып алу жоспарланыпты.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу