Жеті ұлттың баласын бауырына басқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеті ұлттың баласын бауырына басқан

23.12.2022

Ресейдің Астрахань облысында 150 мыңнан астам қазақ тұрады. Сыртта жүрсе де салт-дәстүрі мен тілге деген құрметі ерекше. Алтын жар ауылындағы Иманбаевтар отбасы көпке үлгі көрсетіп жүр. Жеті ұлттың баласын бауырына басқан жанұя қайырымдылық іспен де айналысады.

Түрлі ұлттың өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Балалар ұлттық өнерді ұлықтап жүр. Жұмағыз Иманбаева мен жолдасы Түсіп Шамғонұлы өмірге екі перзент әкелген. Кейін 7 балаға ата-ана махаббатын сыйлады.

Жұмағыз Иманбаева, көп балалы ана:

Бәріне де білім беріп, соларды орындарына апарып, тойларын жасап, мақсатымыз сондай. Жолдасымыз екеуміз пенсиядамыз қазір. Таңертеңнен кешке дейін балалардың артында, тамақтарын пісіреміз, апаратын жеріне апарамыз, доғдырларына қаратамыз, сабақтарын береміз, сондай жұмыс жасап жатырмыз.

Әр баланың бойындағы дарынын, қабілетін аша білу керек»,-дейді Жұмағыз апа. Сондықтан балалар түрлі үйірмелерге қатысады, мектепте оқу озаты. Отбасында еңбекке ерте баулып, ешкімнің ала жібін аттамауды үйретеді.

Диана Ванюхина, оқушы:

Маған бұл жерде қатты ұнайды. Мұнда достарым, мектебім, ата-анам6 сіңлілерім мен бауырларым тұрады. Біз бақытты отбасымыз. Арасында сөзге кеп қалатын кездеріміз болады. Бірақ тез татуласып кетеміз.

Ерлі-зайыптылар тағы бірнеше баланы асырап алғысы келеді. Өйткені үлкендері ержетіп, қазір қолқанат болды. Ііргелі оқу орындарында білім алуда. Алтын жүректі адамдар осылайша талай жетімге мейірім көрсетпек.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу