Кентаулық ана түрлі ұлттың 18 баласын асырап алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кентаулық ана түрлі ұлттың 18 баласын асырап алған

15.04.2021

Түркістан облысындағы Кентау қаласында 18 баланы бауырына басқан көпбалалы ана тұрады. Түймекүл Ергешқызы жас кезінде бауырларын жетілдіремін деп тұрмыс құрмаған. Кейіннен балалы болуды армандап, түрлі ұлттың 18 баласын асырап алған. Бүгінде үлкен бес перзенті өз алдына отау құрса, кенже ұлы небәрі екі жаста. Кеншілер қаласындағы ерекше отбасымен тілшіміз Айнұр Ақбаева танысып келді. 

Кентаулық кәсіпкер Түймегүл Ергешқызы 18 баланы бауырына басам деп ойламаған. Бастапқыда тұрмыс құрмай уақытымды өткізіп алдым дейді. 33 жасында алғаш 4 күндік қызын асырап алған. Қазір перзенттерінің алды аяқтанып, үйлі болған. Үлкен үш қызын ұзатып, екі ұлын үйлендірген. Олардан төрт немере сүйіп отыр. 

Түймегүл Ергешқызы, көпбалалы ана:
Тәуекел деп осы жолды таңдадым. Құдайға шүкір. Бақыттымын. Ат басындай алтын берсе де, айырбастамаймын ешкімге. Балдарымның ішінде ұлты басқа балдар да бар. Қазағы бар, өзбегі бар, орысы бар, кәрісі бар дегендей. Бәрі қазір қазақ, қазақша сөйлейді.

Өзі де көпбалалы отбасында өскен ана бала бағып,тәрбиелеудің оңай еместігін жасырмайды. Қиналған сәттерімді балаларыма көрсетпеуге тырысамын дейді. Бастапқыда анасы көмектессе, қазір үлкендері кішілерге қамқоршы. Бірі сабағын оқытса, енді бірі үйдің жұмысына - қолқанат. 

Ерасыл Беляев, ұлы:
Бауырларымның көп болғаны жақсы екен. Ағам ақыл айтады. Әпкем дұрыс жолды көрсетеді. Інілеріммен ойнаймыз, қарындастарыма көмектесемін.

Жастайынан кәсіпкерлікпен айналысып, табандылық, қажырлылықпен табысқа қол жеткізген ана перзенттерін де еңбекке баулып жүр. Ұлдарына көлік жөндеу мен дәнекерлеудің қыр-сырын үйретеді. Үйдегі құрылыс жұмыстарын да бірлесіп істей береді. Ал қыздары дүкен мен дәмхананың жұмысын жүргізуге көмектеседі. 

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу