Жаңа жыл қарсаңында елордада еліміздің бас шыршасы жағылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жыл қарсаңында елордада еліміздің бас шыршасы жағылды

20.12.2022

Жаңа жыл қарсаңында Астанада еліміздің бас шыршасы жағылды. Жылда болатын сиқырлы сәтті көруге адамдар көптеп жиналды. Қысқы қалашық елорда тұрғындары мен қала қонақтарының уақытын қызықты өткізетін орынға айналмақ. Биыл жағылған шырша Экспо қалашығында орнатылды. 750 метр гирлянда мен түрлі-түсті қар бүршіктерімен безендірілген басты символдың биіктігі 25 метрді құрайды. Аяздың суығына қарамай, қалашыққа келген көпшілік қауым меркелік көңіл-күйге ерекше бөленді.  «Ғажайыптар түні» ертегі мұз шоуы фестивальдің ажарын аша түсті. Мұздан жасалған мүсіндерге, әсіресе, балалар қызығып, қасына барып суретке түскен. Көрермендер мүсіндерді жасаған авторлары үшін QR-коды арқылы парақшаларына кіріп дауыс берген. Жеңімпаз анықталды.

Серік Нұрбаев, байқау жеңімпазы:

Феникс пен Лотостың арасындағы махаббатқа құрылған сондай бір ертегі бар. Сол ертегі маған ұнады. Содан кейін эскиз салып, осы конкурстан өттім. 
Сондай-ақ, ұйымдастырушылар ойын-сауық бағдарлама аясында қардан адам жасау, мұз лабиринтін салу, мұз айдынында мәнерлеп сырғанаушылардан шеберлік сабақтары да жоспарланғанын айтады.

Ержан Балтаев, қалалық Инвестициялар және даму басқармасының жетекшісі:

Астана қаласында қосымша осы алаңда Барыс командасының хоккей спортшылары өз өнерін көрсетіп, мастер-класс көрсететін болады. Әртүрлі жұлдыздардың концерттік бағдарламалары болады. Осы бір аптаның ішінде желтоқсанның 25-сіне дейін әр түрлі шаралар болады.
Осылайша, бұл күндері елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін Астана мұз фесттің берері мол.


Ламбриан Топузидис

Хабарламаларға жазылу