Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында бірнеше ірі зауыт салынады. Кәсіпорындар фармацевтикалық өнімдер, медициналық жабдықтар мен қажетті техникалар шығармақ. Олардың басым бөлігі шет елдік инвесторлардың есебінен бой көтереді. Өндіріс ошақтарына арналған жер телімдері де дайын.
Қала орталығанан 15 шақырым жерде орналасқан «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағы 2003 жылы құрылған. 160 гектарды алып жатқан аумақта ақпараттық технологиялар, телекоммуникация және байланыс саласындағы технологиялар шығарылады. Бүгінде кәсіпорындардың жұмысы қызып, өнімге деген сұраныс артқан.
Данияр Омаров, инженер:
Экспорт бойынша Иран, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан, Орталық Азияға экспортталады. Сұраныстың артуына байланысты адамдардың санын ұлғайтудамыз. Осы жылға бізде коммутатордың көптеген модельдері шығарылып жатыр. Келер жылы спекторды ұлғайтамыз.
Алдағы уақытта арнайы экономикалық аймақта фармацевтикалық өнімдер, медициналық жабдықтар мен қажетті техникалар өндіретін зауыттар салынады. Қазірдің өзінде 9 жоба қаралып жатыр. Егер жүзеге асса 800 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бауыржан Жұмағалиев, «Технопарк Алатау» ЖШС Бас директорының орынбасары:
Медициналық жабдықтар шығаратын компаниялар үлкен зауыттар салады. Бұл жерде миллиардан жоғары инвестиция болады. Қазіргі таңда Түркия елінің «Атабай» халықаралық алпауыт компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қала әкімшілігімен меморандумға қол қойылды.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақта 149 компания тіркелген. 45 млрд теңге инвестиция тартылған. 6 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Жыл басынан аталған аумақта шоғырланған өндіріс ошақтарына құйылған қаржы 5 миллиард теңгеден асып жығылады.
Нұрсұлтан Тілектес