Ресейде инфляция 3 есеге өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде инфляция 3 есеге өсті

12.12.2022

Ресейде параллельді импортқа салынатын салық 35 пайызға өскен. Санкция салдарынан елде азық-түлік 100 пайызға дейін қымбаттаса, дәрі-дәрмек пен техника жоқтың қасы. Мамандар бұл мәселені ретке келтіруге бірнеше жыл керек екенін айтып отыр.

Елдегі инфляция деңгейі бір аптада үш есе өсті. Бұл баға саясатына кері әсер етті. Әсіресе коммуналдық төлемдер, көкөніс пен жеміс-жидек 30 пайызға дейін қымбаттаған. Параллельді импорт арқылы жеткізілетін тауарға салық көбейді, енді қымбатшылық өседі,-дейді мамандар.

Юрий Павлов, зейнеткер:

Соңғы жарты жылда бәрі қатты қымбаттап кетті. Тіпті азық-түліктің кей түрлерін алмайтын болдық. Өзім зейнетақы аламын, ол түкке жетпейді. Бұл қымбатшылыққа шыдау мүмкін емес. Бірдеңе өзгереді дегенге сенбеймін. Күн сайын өмір сүру сапасы нашарлап барады.

Ресейде көлік шығару ісі де кенжелеп қалды. Он кәсіпорынның тек екеуі жұмыс істеп тұр. Оның өзі жаңа жылдан соң жабылуы мүмкін. Басты себеп-қажетті құрал-жабдық жоқ. Логистика саласы құлдырағалы бері ел аумағына импортты тауар, техника кіргізу мүмкін емес.

Игорь Кузнецов, қала тұрғыны:

Көліктің бір әйнегі бұрын 20 мың рубль тұрса, қазір 160 мың рубль. Жолда келе жатып көлік сынып қалса, оны жөндей алмаймыз. Себебі құрал-жабдық жоқ. Бұрын Еуропадан сапалысын жеткізетін, қазір Қытай тауарына телміріп қалдық. Оның өзі қатты қымбаттап кеткен.

Келер жылы жалпы ішкі өнім кем дегенде 4 пайызға азаяды. Бұл Ресей ұлттық банкінің болжамы. Сарапшылар болса, экономикалық өсу процесі бірнеше жылға тоқтады деген пікірде.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу