Үкімет отырысы: Инфляция артып, экономикалық өсім төмендеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысы: Инфляция артып, экономикалық өсім төмендеген

12.12.2022

Министрлер мен әкімдердің жұмысы есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенуі керек. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталды. Инфляцияның күрт өскенін, ал экономикалық өсімнің керісінше төмендеп кеткенін айтты.

Мысалы, 11 айда өсім деңгейі 4,6%-дан 2,7%-ға дейін түсті. Президент әсіресе инфляцияның соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жеткенін еске салды. Қазір бұл көрсеткіш – 19,6%. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай ахуал жұрттың табысы мен әл-ауқатына кері әсерін тигізіп отыр,- деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтарымыз нақты оң өзгерістер бүгін және қазір болады деп үміттеніп отыр. Осы үміт пен сенімді ақтау – алдымызда тұрған ең басты міндет әрі қастерлі парыз. Сондықтан сайлау алдындағы бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар қабылданды. Барлық іс-шара уақтылы және толық орындалуы керек. Әрбір министрдің, әкімнің жұмысы статистикамен, есеп-қисаппен емес, нақты нәтижемен өлшенетін болады.
Үкімет ауыл халқының табысын арттыруға 1 трлн теңге бағыттайды. Премьер-Министр Әлихан Смайылов тұрғындардың табысын арттыру жөнінде жобаны іске асыру басталғанын жеткізді. Келер жылы бұл мақсатқа 70 млрд теңге бөлу көзделген.

Жалпы 5 жылдың ішінде осы жобаға 1 трлн теңге бағытталады. 1 миллионнан аса ауыл тұрғыны қамтылады деген жоспар бар. Осы арқылы 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Биыл 830 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Соның ішінде 233 мыңы – жастар.

Ақерке Бектас



Хабарламаларға жазылу