Қатар-2022: Комментатордың жұмысы қыза түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатар-2022: Комментатордың жұмысы қыза түсті

10.12.2022

Төрткүл дүние көз тіккен турнирді 32 команда бастады. Бір ай бойы 64 матч өтеді. Ал әр ойындағы әсерді, көңіл-күйді көрерменге жеткізу, шешендік қабілетпен эфирдің сәнін кіргізу - комментатордың міндеті. 

Футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінде күніне төрт кездесуден өтті. Бұл - комментаторлардың да жұмысы қызған, қауырт шақ еді. Себебі тәулігіне екі матчқа дейін жүргізуге тура келді. Әрі бір ай бойы жалғасып жатқан студиялық бағдарламалар бар. Футбол тойы деп ұйқысыз түндер өткізуге тура келген кез.

Ермұхамед Мәулен, комментатор:

Қазақстан мен Қатардың арасында үш сағат айырмашылығы бар. Одан кейін түнгі 1-де басталатын кей матчтар плей-офф кезеңінде 120 минутқа созылып кетуі мүмкін. Одан кейін пенальтилер жалғасуы мүмкін. Бұл 180 минутқа жуық уақыт. Ұйықтаймыз дегенше келесі күн басталып кетіп жатыр.

Футболдан әлем чемпионатын жүргізуге 14 комментатор таңдалып алынды. Бәрі де тәжірибелі. Есей Жеңісұлы бастаған мамандар Алматыдан шақырылды. Ермұхамед Мәулен, Уәлихан Қосанбай, Сергей Райлян, Әлімжан Асқарлар қостады. Себебі төрт жылда бір келетін байрақты бәсекенің маңызы зор.

Есей Жеңісұлы, комментатор:

Футболдан әлем чемпионатын – адамзатқа берілген үлкен сый деп бағалаймын. Кішкене пафосқа толы сөз шығар, бірақ шынында да осы әлем чемпионаты басталған кезде мүлде футболға қызықпайтын адамдардың өзі қызығып, ештеңені білмесе де, Бразилия деп қанатын кеңге жайып, рахаттанып қалады. Ал футболды білетін адамдар үшін бұл - қатты күтетін мереке. Басқа ешбір спорт мұндай аудитория жинай алмайды.

Футбол – эмоцияға толы ойын. Мәре сызығы жақындаған сайын тартыс қыза түспек. Эфирдің көркін кіргізіп, көрерменге көңіл-күй сыйлау үшін комментаторлар жұмысын жалғастыра береді. 

Хабарламаларға жазылу