Астанада «Қыз жылаған» спектаклінің премьерасы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Қыз жылаған» спектаклінің премьерасы өтті

03.12.2022

Бүгін, яғни 3 желтоқсан – мүмкіндігі шектеулі жандардың халықаралық күні. Осыған орай кеше Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында «Қанаттылар» инклюзивті театры Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасы желісінде «Қыз жылаған» спектаклін сахналады. Ерекше жандардың ерекше қойылымы жайлы Азамат Бейбітұлы баяндайды.

Қойылымға Семей полигоны зардабынан есеймей қалған қыздың тағдыры арқау болған. Арманы – биік, көңілі асқақ Ләйлә жиылған қалың көрерменді әрі күлдірді, әрі күрсінтті. «Қанаттылар» инклюзивті театрында шынайылық пен рух бар.

Арнұр Ысқақов, «Қанаттылар» инклюзивті театрының басшысы:

Бүкіл әлем бойынша аналогы жоқ театр болып ашылған театрмыз. Сондықтан біз осы күнге орайластырып, мереке болғандықтан бұл жерде барлық қоғамдық бірлестіктер шақырылды. Ерекше азаматтарымызға осындай үлкен қойылым тамаша тарту болып отыр.

Басты рөлдегі Ләйлә бейнесін спорттық биден халықаралық жарыстардың чемпио­ны, ендігі кезекте актри­салық қабілетімен танылған Малика Мұхтарова сомдады. Жалпы, қойылымда өнер көрсеткен актерлер тақырыптың тереңдігін, өзектілігін сезінген.

Жанғали Темірғалиев, актер:

«Мәңгілік бала бейне» деген пьесаның желісі бойынша түсірілген, өте ауыр тақырыптардың бірі. Қазіргі таңда да актуалды. Оның ішіндегі түрлі оқиғалар, өткен шақтан бөлек, қазіргі кезбен де байланыстыруға болады. Әр заманда да бұл жанр актуалды болып қала бермек.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың тағыдыры, қайсарлығы, өмір үшін күресі көрсетілген қойылымды көрермен ерекше тебіреніспен қабылдады. Мүмкіндігі шектеулі жанның өнердегі мүмкіндігі шексіз екендігі тағы бір рет сахнада паш етілді.

Хабарламаларға жазылу