Алматы облысында заңсыз салынған үйлер көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында заңсыз салынған үйлер көп

03.12.2022

Алматы облысына қарасты Бесағаш ауылының тұрғындары екі жылдан бері үреймен өмір сүріп келеді. Айтуларынша, жер үйлердің қақ ортасынан көпқабатты тұрғын үй кешендері заңсыз салынып жатыр. Ауыл халқы болашақта апат болуы мүмкін деп қауіптенеді. 

Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылының тұрғындары үйлерінің маңынан көпқабатты баспана тұрғызып жатқан құрылыс компаниясымен 2 жыл бойы арпалысып келеді. Өйткені компанияның әрекетін заңсыз деп санайды.

Бақыт Мұқаев, Бесағаш ауылының тұрғыны:

Құрылыстық нормативтердің сақталып жатқанына күмәніміз бар. Арақашықтыққа көңіліміз толмайды. Алдымызға әкеліп соғып жатыр.

Тұрғындардың сөзінше ауылда, биік нысандар салуға болмайды. Бұл қауіпті дейді олар. Бүгінгі таңда аталған аумақта тоғыз қабатты 11 үй тұрғызылып жатыр.

Қайрат Әбдібеков, Бесағаш ауылының тұрғыны:

Бұл жерге зәулім үй салуға болмайды. Топырақтың сипаттамасы бойынша жер асты сулары өте жақын орналасқан. Ертең бұл үй құлап жатса, жанындағы үйлерді алып кетеді. Сейсмикалық қауіпті аумақта тұрмыз.

Құрылысқа жауапты компанияның тиісті құжаттары бар-жоғына күмәнданған тұрғындар облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына шағымданған. Жүргізілген тексеріс қорытындысына сәйкес мекемеге қатысты бірнеше заңбұзушылық анықталыпты. Натықрақ айтсақ құрылыс басталғанда компания басшыларының қолында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы болмаған.

Данияр Бақтияров, Алматы облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:

Құрылысты тоқтатуға және мәжбүрлі түрде бұзуға талап-арыз жолдады. Сот отырысы барысында компания мемлекеттік сараптамының оң қортындысын алып, басқармаға хабарлама тапсырған. Қазіргі таңда құжаттарының барлығы заңға сәйкес жұмыс істеп жатыр.

Сот процесі жүрген 2-3 айда құрылысқа жауапты компания барлық құжатын реттеп, тек айыппұл төлеумен шектелген. Бесағаштықтар мұнымен келіспейді. Салынып жатқан тұрғын үйдің бұзылғанын қалайды.

Данияр Үмбетов, құрылыс компаниясының ресми өкілі:

Біз жеке меншікке тиесілі жер телімін сатып алдық. Қолымызда тиісті мекемелердің берген рұқсат қағаздары бар. Мемлекеттік сараптамының оң нәтижесін де алдық. Тұрғындардың аталған аумаққа биік ғимарат салуға болмайды деген сөзімен келіспейміз. Құрылыс жүріп жатқан жер теліміне 12 қабатқа дейін баспана салуға рұқсат етілген.

Дәл осы құрылыс компаниясына қатысты дау бұл ғана емес. Алматының Бостандық ауданында биыл қолданысқа берілген тұрғын үй кешенінен де шикілік шыққан. Іргелес жатқан үйдің тұрғындары нысанның биіктігі талапқа сай келмейді деп сотқа арызданған. Алматы қалалық әкімдігінің мәліметінше, жыл басынан мегаполисте рұқсат қағазынсыз салынған 9 тұрғын үй кешені анықталған.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу