Астанада үздік сарапшылар анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада үздік сарапшылар анықталды

30.11.2022

Астанада үздік сарапшылар анықталды. Олар жыл басынан бері «Parasat ideas» Ұлттық сараптамалық ақылдасу алаңы ұйымдастырған пікірталастарға қатысып, маңызды мәселелер бойынша өз шешімдерін ұсынған. Олардың ішінен ерекше көзге түскен он маман бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Parasat ideas» Ұлттық сараптамалық ақылдасу алаңы үздік сарапшыларды марапаттады. Жоба биыл наурыз айында бастау алған. Мақсаты «Естуші үкімет» қағидасын жүзеге асыруға атсалысу. Ақылдасу алаңында азаматтық қоғам өкілдері көтерген барлық мәселе талқыға түсіп, мамандар ұсынған шешімдер билік өкілдеріне жеткізіледі.

Марат Башимов, сарапшы:

Сарапшылардың бәрі үлкен қалаларда. Алматы, Астана секілді. Ал бізде аймақта қанша көп сарапшы бар. Пікірлері бар. Сарапшы деген білімді болуы керек. Ар жағында көзқарасы болуы керек. Саясат болсын, экономика болсын, аймақтық проблемалар болсын.

Бүгінде азаматтарға қабылданған заң нормаларын, саяси және қоғамдық өзгерістерді қарапайым тілде түсіндіріп беретін алаңдар жеткіліксіз. Соның салдарынан жалған ақпарат көп тарайды. Сондықтан, «Parasat ideas» Ұлттық сараптамалық ақылдасу алаңы белсенділерге мемлекеттік емес ұйымдар мен бизнес өкілдеріне, қарапайым азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес беруге мүмкіндік берді. Қазір 17 облыста «Өңірлік ақылдасу алаңы» ашылған. Оларда 103 сарапшы тіркелді.

Арман Мақсұтұлы, «Серпін» қоғамдық қорының атқарушы директоры:

Биыл 32 сарапшылық талқылау мен 9 форум өткіздік. Пікірталастың тоғызы өңірлерде өтті. Қарағанды, Алматы, Түркістан, Павлодар, Қызылорда, Семей, Өскемен қалаларындағы Жоғарғы оқу орындарында сарапшыларымызды жинадық. Бізді қолдаған университеттерге, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен азаматтық бастамаларды қолдау орталығына алғыс айтқым келеді.

Жылдың қорытындысы ретінде «Parasat awards-2022» байқауы өтті. 17 сарапшының ішінен 10 маман түрлі номинациямен, қаржылай сыйақымен марапатталды. Ал үздік деп танылған Мансұр Әлімхановқа 150 мың теңгенің сертификаты мен арнайы мүсінше табысталды.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу