ОСК Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент ретінде тіркеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОСК Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент ретінде тіркеді

22.11.2022

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде тіркелді. Орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулыны қабылдады. Бүгін Президент сайлауының соңғы қорытындысы жарияланды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 7-ші сайлау осымен аяқталды. Түпкілікті қорытындысы да белгілі.

Сонымен, 6,5 млнға жуық сайлаушы Қасым-Жомарт Тоқаевты таңдапты. Яғни, дауыс бергендердің 81,31%-ы. Одан кейін «Бәріне қарсымын» бағаны тұр. 460 мыңнан астам сайлаушы осы графаны белгілеген. Айта кетейік, бұл баған биыл алғаш рет енгізілді. Ал Жигули Дайрабаевқа 271 мыңнан аса, Қарақат Әбденге 206 мың, Мейрам Қажыкенге 201 мыңға жуық, Нұрлан Әуесбаевқа 176 мың, Салтанат Тұрсынбековаға 168 мыңнан аса сайлаушы дауыс берген.

Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31%

«Бәріне қарсымын» 5,8%

Жигули Дайрабаев 3,42%

Қарақат Әбден 2,6%

Мейрам Қажыкен 2,53%

Нұрлан Әуесбаев 2,22%

Салтанат Тұрсынбекова 2,12%

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
Дауыс берушілердің 50 пайызынан астам дауысын алған кандидат Республика Президенті болып саналады. Осылайша, 20.11.2022 кезектен тыс сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ҚР Президенті болып сайланды.

Орталық сайлау комиссиясы хаттаманы бекітіп, тиісті қаулыға қол қойды.

Енді Мемлекет басшысына куәлік тапсырылады. Ал 26 қараша күні, яғни осы сенбіде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант береді.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Сонымен, қазақстандықтар өз таңдауын жасады. Алдағы 7 жылда елді Қасым-Жомарт Тоқаев басқарады. Демек, қазіргі саяси-экономикалық реформалар жалғасады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу