Шымкент қаласында азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұрудың жаңа тәсілі енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласында азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұрудың жаңа тәсілі енгізіледі

22.11.2022

Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұрудың жаңа тәсілі енгізіледі. Тауардың осы түрін сату үшін сауда орнын жалға алған кәсіпкерлердің шығыны үш жыл бойына қазына есебінен өтеледі. Оларға келесі жылдан бастап алғашында аренда құнының 75 пайызы, екінші жылы жартысы, үшінші жылы төрттен бірі беріледі.

Бүгінгі таңда ақшаның инфляциясы бойынша Шымкент өзге өңірлердің арасында алғашқы орында. Қазан айындағы дерек бойынша ол 2 пайыздан асқан. Жергілікті атқарушы билік тауарды интервенциялау, яғни азық-түлік саудасын көбейту нәтиже бермегенін айтады. Сондықтан ендігі шаралар бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік тауарларды өндірушілердің айналым қаражатын көбейтуге бағытталады.

Әбунасыр Жанбатыров, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы:

Ауылшарушалығы өнімдерін өндірушілер келесі жылдың наурыз айына дейін ірі сауда желілерінің алдында өз сауда нүктелерін ашуы керек. Онда картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат секілді өнімдер сатылуы тиіс. Екінші, маусымдық кезеңдерде баға қанша құбылса да бұл өнімдерді алдын ала тапсырыс беру арқылы бағаны қалыпты ұстауға тырысатын боламыз.

Ғани Қалмахан


Хабарламаларға жазылу