Шымкент қаласында азық-түлік бағасы қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласында азық-түлік бағасы қымбаттады

20.09.2018

Шымкент қаласында соңғы бір аптада ең қажетті азық-түлік түрлері - ұн, өсімдік майы мен қанттың бағасы едәуір өсті. Қоңырқай тіршілік кешіп жүрген жұрт осыған абдырап жүргенде нан бағасы да бірден 10 теңгеге қымбаттап шыға келді. Өйткені, үш жылдан бері коммуналдық төлемдер бірнеше мәрте көтерілді, сондықтан, бұдан әрі бағаны көтермей ұстап тұру мүмкін емес дейді наубайханашылар.

Базар сөрелеріндегі нанның бірнеше түрі қымбаттаған. Әсіресе, халық ең көп тұтынатын қалыпта пісірілген нан 50 теңгеден 60 теңгеге өссе, майлы пәтір бағасы 130 теңгеге жетті. Ал, екінші сұрапты ұнның қамбаттауына байланысты қара нандар болса 5 теңгеге өсіп отыр.

Дүкен сөрелерінде нан жеткілікті. Тек бағасы қалтаға ауырлық түсіреді. Бұл жағдай әсіресе, зейнеткерлер мен табысы аз, тұрмысы төмен отбасыларға қиын соқты.

Пістегүл Балабаева, қала тұрғыны:

- Баға неге қымбаттайды? Азғантай зейнетақы қосады да бағаны көтеріп жібереді.

Шымкенттегі 40-тан астам наубайхана «Нан» қауымдастығына мүше. Олардың айтуынша, бағаның өсуіне негізгі шикізат - ұнның қымбаттығы себеп болған.

Әбдімәлік Көмекбаев, «Нан» қауымдастығының төрағасы:

- Ұнның бағасы 3 мың 500 болғанша шыдадық. Ал, енді одан көтеріліп, ұнның бағасы 3 мың 900 теңге, кәсіпкерлерге келгенше транспорты, артуы мен түсіруі бар 4 мың теңгеге жетіп тұр. Бұл біздің есебімізге тура келмеді.

Азық-түлік бағасының көтерілуі қала әкімдігін шарасыз күйге түсірді. Жергілікті билік көп бас қатырмастан, «Нан» қауымдастығының дегеніне көнді. Енді олардың бағаны сырттай бақылағаннан басқа амалы жоқ. 

Қайрат Базарбеков, Кәсіпкерлік және индустриалды даму басқармасының бөлім басшысы:

- Қала әкімдігімен тиісті шаралар атқарылады. Оның ішінде күнделікті мониторинг жұмыстары бар. Арнайы жұмыс тобы құрылып, қалыпты бөлкенің бағасын 60 теңгеден сатылуына, негізсіз көтерілуіне жол бермейді.

Орта есеппен алғанда шаһар халқы тәулігіне 60 мың данадай қалыпта пісірілген нан тұтынады. Қымбатшылық қамытынан қиналған жұрттың кейбірі енді дүкеннен нан сатып алғаннан гөрі  қаптап ұн алып, үйден жапқанды мақұл көріп отыр. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу