Қатар-2022: Түнде екі кездесу өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қатар-2022: Түнде екі кездесу өтті

22.11.2022

Кеше Қатарда өтіп жатқан чемпионат аясында Нидерланды мен Сенегал және АҚШ пен Уэльс командалары кездесті. Алғашқы кездесуінде қызғалдақты елдің ұлдары жеңсе, АҚШ пен Уэльс құрамалары тең түсті.

Ерсін Ерік, тілші:

Әлем чемпионатының екінші ойын күнінде А тобындағы Нидерланды құрамасы Аль-Тумама стадионында Сенегалмен кездесті. 1994 жылғы Мундиалдан бастап топтық кезеңде жеңілмеген Ван Гал шәкірттері мен, осыған дейін өздері қатысқан екі әлем кубогындағы бірінші ойындарын жеңіспен аяқтаған Алиу Сиссенің командасы бұл ойынға тас түйін дайын келді.

Алғашқы минуттардан Нидерланды құрамасы шабуылды жиі ұйымдастырды. Гол соғатын бірнеше мүмкіндік те болды. Алайда Сенегал қорғаныста сақ ойнады. Бірінші таймда таблодағы есеп өзгермеді. Тек ойынның 84 минутында Жас шабуылшы Коди Гакпо Эдуар Менди қақпасынан саңылау тауып, есепте Нидерланды құрамасы алға шықты. Ойын соңына қарай 29 жастағы Дэви Классен есепті еселеп кетті. 2-0. Ойын соңына дейін Сенегал гол соға алмады. Луи Ван Гал шәкірттері алғашқы ойында сенімді жеңіске жетті.

АҚШ құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы ойынын Уэльске қарсы өткізді. Ойынның 36 минутында алтын доп иегері, бүгінде Либерия президенті Джордж Веаның ұлы Тимоти Веа ойындағы алғашқы голды соғып, Ақш құрамасы 1:0 есебімен алға шықты. Ойынның аяқталуына шамамен 10 минут қалғанда Уэльс командасы пенальтиден таразсы басын теңестіретін мүмкіндікке ие болды. Нүктеге келген команда капитаны Гарет Бэйл қақпашыдан оңай айласын асырып кетті. Есеп 1-1. Осылайша қос команда алғашқы ойындарында жеңімпазды анықтай алмай, ұпай бөлісті. Сондай ақ Биылғы Мундиальдағы алғашқы тең нәтиже дәл осы ойында тіркелді.


Хабарламаларға жазылу