Кезектен тыс президент сайлауының «Exit-poll» нәтижелері белгілі болды. Оны үш институттың әлеуметтік зерттеушілері жүргізген. Соның бірі «Ашық қоғам» халықаралық аймақтық зерттеулер институты. Ондағылар «Қазақстан» телерадио корпорациясының тапсырысы бойынша еліміздің 354 сайлау учаскесінде «Қай кандидатқа дауыс бердіңіз?- деп сұрап, 300 мыңнан астам респондент арасында сауалнама жүргізген.
Сонымен зерттеу нәтижесіне сай, Қасым-Жомарт Тоқаев 82,45 процент дауыс жинап, басым түскен. Жигули Дайрабаев сайлаушылардың 3,33; Қарақат Әбден 2,54; Мейрам Қажыкен 2,23 пайыз дауыс жинаған. Ал Нұрлан Әуесбаевты электораттың 2,17; Салтанат Тұрсынбекованы 2,08 проценті таңдаған. Бәріне қарсымын деп дауыс бергендер 5,2 пайызды құрап отыр.
«Еxit-poll» жүргізген тағы бір институт «Amanat» партиясының қоғамдық саясат институты. Олар жүргізген сауалнама нәтижесінің сәл айырмашылығы бар. Оған сай Қасым-Жомарт Тоқаев 85,52; Қарақат Әбдент 3,61; Жигули Дайрабаев 2,67; Мейрам Қажыкен 2,43; Нұрлан Әуесбаев 1,93 ал Салтанат Тұрсынбекова 1,44 процент дауыс жинаған. Сайлаушылардың 3,4 пайызы үміткерлердің бәріне қарсы болған.
Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты жүргізген «Еxit-poll» нәтижесінде де аздаған айырмашылық бар. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев 82,02; Жигули Дайрабаев 3,68; Қарақат Әбден 2,84; Мейрам Қажыкен 2,62; Нұрлан Әуесбаев 2,38 ал Салтанат Тұрсынбекова 2,24 процент дауыс жинаған. Барлығына қарсы болған сайлаушылар 4,22 пайыз. Айта кетейік, бұл ресми қорытынды емес. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі. Сайлаудың алдын ала қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы ертең жария етпек.
Досжан Маратұлы