Абай облысының халқы сайлау науқанында өте белсенді болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысының халқы сайлау науқанында өте белсенді болды

20.11.2022

Ширек ғасыр бойы облыстың қайта құрылуын күткен Абай облысының халқы сайлау науқанында өте белсенді болды. Алдағы жоспар бойынша Семей қаласы жаңа кейіпке ие болады. Оған қоса кезінде тарап кеткен бірнеше аудан да қайта құрылуы мүмкін. Мұндай жоспарларды естіп біліп отырған абайлықтар болашақтан зор үміт күтеді.

Теміржолшылар династиясы - Адамовтар отбасы бүгін саяси науқанға үй ішімен келіп, таң атпай дауыс берді. Әулетте бірнеше буын темір жол саласының мамандары тәрбиеленген. 78 жастағы Жұмағазы ақсақал, саяси науқаннан ешқашан шет қалып көрмедім-дейді. Сайлауда дауыс беру - ол әркімнің өз отбасы, туған-туысы мен елінің болашағына жасаған таңдауы деп біледі.

Жұмағазы Адамов, Семей қаласының тұрғыны:

Абай облысы атағын беріп, біздің кәрі-жастардың барлығының қуанышында шек жоқ. Тыныштықты, бейбітшілікті сақтау үшін, халқымыздың әл-ауқатын көтеру үшін дауыс бердік.

Кұралай Есенқұлова, Семей қаласының тұрғыны:

Отбасымызбен келіп тұрмыз. Таң атпай ерте келіп бүгін ерекше күн болғандықтан. Әр уақытта Қазақстанымыздың жетістігі көбейе берсін.

Өңір басшылары алдағы жылдарға нақты жоспар бекітті. Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың тұрмысы түзелетіндігін айтады. Нәтижесінде, 10 жылдан кейін тек облыс орталығындағы халқының саны 520 мыңға жетеді деген болжам бар.

Нұрлан Ұранхаев, Абай облысының әкімі:

Қазіргі таңда біздің облысымызда кешенді жоспарымыз әзірленіп, үкіметке жолданды. Оның ішінде ірі жобалар бар. Ең бастысы ол Семейдің жылу электр орталығы. «Аягөз-Бақты-Тачен» деген темір жолдың құрлысы бар. Одан басқа бірнеше жеке инвестициялардан жобалар бар.

Бас жоспарға сәйкес қаланың сол жағалауын жан-жақты дамытуға көңіл бөлінбек. Онда конгрес холл, жастар сарайы, жабық мұз айдыны сынды халыққа қажет ірі нысандар бой көтереді. Семейліктер мұндай жағымды жаңалыққа шексіз риза.


Хабарламаларға жазылу