Атырауда мұнайшылар белсенді дауыс берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда мұнайшылар белсенді дауыс берді

20.11.2022

Саяси науқанның көрігі атыраудағы мұнай кен орындарында да қыза түсті. Еліміздің әр түкпірінен жиналған қара алтын қорын игерушілер қауырт жұмысқа қарамастан дауыс берді. Тілшіміз Жандос Темірғали тарқатып айтады.

Нұрсәттің жасы 19-да. Оқуын биыл ғана тәмамдады. Қазан айынан бері Атырау мұнай өңдеу зауытында еңбек етеді. Жалынды жас кәсіпорындағы маңызды жұмысын уақытша тапсырып, сайлау учаскесіне асықты. Ол үшін бұл жолғы саяси доданың маңызы ерек. Өйткені, тұңғыш рет таңдау жасап тұр.

Нұрсәт Масалимов, Атырау мұнай өңдеу зауытының операторы:
Қазір жастардың әсіресе саясатқа да еліміздің белсенді өміріне араласып, өз ой-пікірлерін білдіретін кезең. Қазақстанның болашағы бәріміз үшін маңызды. Ол үшін қазіргі сайлауда дұрыс таңдау жасауымыз қажет.

Ал, 30 мыңдай жұмысшысы бар Теңіз кенішіндегі вахталық қалашықта 15 көшпелі пункт жасақталған. Ірі кәсіпорында бас-аяғы 14 мыңдай сайлаушы тіркелген. Соның 10 мыңға жуығы өз таңдауын жасады.

Әлібек Кузеев, Теңіз мұнай кенішінің жұмысшысы:
Теңіз кенішінде жұмыс істеу үшін Алматы қаласынан арнайы келдім. Қызмет етіп жүргеніме 4 жыл болды. Кемел болашақ үшін өз даусымды бердім. Болашақта мұнай саласының жаңа тынысы ашылады деп сенемін.

Солтүстік Каспий жобасының теңіздегі және құрлықтағы нысандарында дауыс беру құқығына ие 2793 адам бар. Қашағандағы 152 мұнайшының даусы үшін арнайы су көлігі жіберілген. Мұнда 1700-ден астам жұмысшы дауыс беріп үлгерді.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу