Алматы қаласында өнер жұлдыздары дауыс берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы қаласында өнер жұлдыздары дауыс берді

20.11.2022

Мемлекетіміз үшін саяси шарада өнер жұлдыздары да белсенді. Алматыдағы сайлау учаскелерінде еліміздің мәдениеті мен өнеріне үлес қосып жүрген танымал тұлғалар дауыс берді. Олардың пайымынша, мемлекет ісінің алға басуына әр адам ат салысуы қажет.

Маңызды шаралардың басы-қасында жүріп, ісі көпке үлгі атақты актер, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов өз сайлау учаскесінде дауыс берді. Өз сөзінде актер ғылым мен білімді, мәдениетті дамыту қажеттілігіне тоқталды.

Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек ері:
Жас ұрпақтың келешегі үшін мен өз дауысымды бердім. Халықтың әл-ауқаты, көңіл-күйі түзелмей береке болмайды. Өткені мәдениетсіз, әдебиетсіз ел – ел емес деген. Сондықтан осы жаққа көп көңіл бөледі деп сенемін.

Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева да ұлы Әли Оқаповпен бірге №387 сайлау бөлімшесі учаскесінде дауыс берді. «Әрбір азаматтың сайлауға қатысуы – елдің көркеюі мен гүлденуіне қосқан үлесі» деген Роза Қуанышқызы азаматтарды белсенділік танытуға шақырды.

Роза Рымбаева, Қазақстанның халық әртісі:
Бүгін міне, тарихи кезең қазақ халқының өмірінде. Әрбір азаматтың белсенді дауыс беруі болашағымыз үшін аса маңызды. Бүгін күн де әдемі болып тұр, адамдар да келіп жатыр. Президентімізге сәйкес болады деген азаматты таңдадым, дауыс бердім.

Бүгін Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов та өз таңдауын жасады. «Келешек ұрпақтың арман-мақсаты үшін бүгін белсенді болғанымыз абзал»,- дейді ел ағасы.

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі:
Мемлекетіміз үшін, еліміз үшін ең бір маңызды күн. Ата-бабамыздың аманатын арқалаған елміз. Келешек ұрпақтың арман-мүддесіне жауапты елміз. Сондықтан келіп, өз тұлғаларыңызды таңдаңыздар, дауыс беріңіздер. Мен де өз кандидатымды таңдап, дауысымды бердім, келіңіздер!

Аталмыш саяси науқан – ел дамуындағы жауапты қадам. Сондықтан өнер иелері барша жұртты жұдырықтай жұмылып, өз таңдауын жасауға шақырды.


Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу