Индустриялды өңір Қарағандыда сайлауға шахтерлер де белсенді түрде қатысуда. Таңмен таласа тұрып, жұмыс ауысымына дейін учаскеге соғып дауыс беріп жатқандары да бар. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы саяси науқан барысында кеншілермен жүздесіп қайтты.
Нұрлыбек Талықбаев көмір шахтасында 40 жылдай еңбек етеді. Бүгін күндізгі жұмыс ауысымына барады. Осыған байланысты жұбайын ертіп сайлау учаскесіне ертемен келді. Елдегі саяси науқандарда бұл отбасы ешқашан бей-жай қараған емес.
Нұрлыбек Талықбаев, кенші:
Ертерек келіп сайлау учаскесіне, дауысымызды бердік жұбайымыз екеуміз. Ебебі жұмысқа бару керек. Костенко шахтасында 43 жыл жұмыс істеймін. Еліміз аман, отанымыз тыныш болсын! Аспанымыз ашық болсын!
Қарағанды өндірісі жан-жақты дамыған, индустриялды аймақ. Мұнда үлкен еңбек ұжымдары бар. Мәселен осындағы 8 көмір шахтасы мен 6 ашық өндіріс ошақтарының 13 500 жұмысшысы сайлауға белсенді түрде қатысуда. Жер астындағы қауіпті де, ауыр еңбекте тер төгіп, миллиондаған тонна қара алтынды қыр басына шығарып жүрген жандардың ел экономикасын дамытуға қосып жүрген үлесі зор.
Сергей Садовский, кенші:
Өз кандидатымызға дауыс бердік. Таңатпай бардық. Себебі бүгін жұмыс ауысымына түсіп жатырмын. Учаскеде адам көп екен. Шахтермын, жұмысқа үлгеруім керек деп едім, бұрын келгендер жол беріп жатты. Сондай риза болдым.
Жалпы өңірде 642 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Оларда 768 мың адам тіркелген болса, соның жартысына жуығы қарапайым еңбек адамдары.
Руслан Нұрланұлы