Ұлыбританияда бірер сағат бұрын отандастарымыз дауыс бере бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда бірер сағат бұрын отандастарымыз дауыс бере бастады

20.11.2022

Ұлыбританияда бірер сағат бұрын ғана отандастарымыз дауыс бере бастады. Өйткені Лондон Астана уақытынан 6 сағат артта. 

Марина Бекенова, тілші:

Мен қазір Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі алдындамын. Kazakhstan House, яғни «Қазақстан үйі» деген маңдайшасы бар ғимараттың төбесінде көк туымыз желбіреп тұр. Дәл осы жерде №244 сайлау учаскесі орналасқан. Бүгін ауа-райы құбылмалы. Таңертеңнен бері жаңбыр жауып тұр. Соған қарамастан отандастарымыз келіп, дауыс беріп жатыр. Учаске қажетті құрал-жабдықтармен түгелдей қамтамасыз етілген.

Назым Шайхина, UCL университетінің магистранты:

Мен Болашақ бағдарламасы бойынша Лондон Университетінде оқып жатырмын. Бүгін елшілікке өзімнің саяси көзқарасымды сайлауда білдіру үшін арнайы келіп тұрмын. Менің ойымша, әрбір Қазақстан азаматы, әсіресе жастар үшін саяси белсенділік таныту маңызды іс болып табылады, себебі, адамдар демократияға, яғни халық билігіне, сүйінген мемлекетте өмір сүруді қалайтын болса, онда болып жатқан саяси құбылыстарға бейжай қарамауы керек.

Марина Бекенова, тілші:

Айта кету керек, сайлау туралы ақпарат жарияланған сәттен бастап, 300-дей адам елшілікке алдын-ала тіркелген. Олардың барлығы Ұлыбританияда тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары. Бірақ дауыс берушілердің саны одан да көп болуы мүмкін. Елшілік дауыс беру процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полициямен ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр.


Хабарламаларға жазылу