Білімді балалардың тың жобалары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білімді балалардың тың жобалары

18.11.2022

Көкшетаулық оқушылар Астанада тұратын мүмкіндігі шектеулі 11 жасар балаға жасанды қол әзірлеп бермек. Протезді жасауға дайындық қызу жүріп жатыр. Көкшетаудағы «Болашақ сарайындағы» эко-шеберхана деп аталатын үйірме мүшелерінің өзге де жаңалықтары жетерлік.

Жуырда Астанада өткен халықаралық сайыста көкшетаулық оқушылар өз жобасын ұсынып, үздіктер қатарынан көрінді. Алғашқы кезеңде теориясы таныстырылған. Енді нақты өнім дайындалмақ.

Қарақат Әлібекова, үйірме мүшесі:

Бұл жасанды қолдың жоғары жағында нейронды ақпарат қабылдағыш болады. Ол бұлшық ет арқылы басқарылады. Кей бөлшектерге тапсырыс беріп қойдық, қалғанын өзіміз жасаймыз. Тағы бір артықшылығы- бір бөлшегі істен шықса, соны ғана ауыстыруға мүмкіндік бар.

Жоспар бойынша оқушылар жасанды қолды болашақ иесіне шамамен бір айдан кейін табыстамақ. Үйірмедегі балалар бөлшектерді қайта өңделген қоқыстан жасайды. Ал жақында дайын шикізаттан да өнім шығаруды меңгерген.

Ажар Кәкімова, үйірме мүшесі:

Біз мынау филамент деп аталатын шикізатты сатып аламыз. Сосын қажет бөлшектерді, өнімді компьютерде бағларлама арқылы жобасын жасаймыз. Кейін ол ақпаратты 3D принтерге жүктеп, мынадай түрлі өнімдер жасап шығарамыз.

Бір жарым жыл бұрын ашылған үйірмеде қазір 20-дан астам бала бар. Уақыт өткен сайын оқушылар саны артып келеді.

Ажар Айтжан, үйірме мүшесі:

Мұнда өте қызық. Өйткені мұнда мен адамдар қоқыс тастайды ғой, соны мен өңдеймін. Біз осы керек жоқ қақпақтарды жинадық, олардан әр түрлі пішіндер жасау үшін және оларды өңдеу үшін.

Тимур Қамалов, үйірме жетекшісі:

Біз қалдықтарды өңдеу арқылы шикізат дайындау бағытында жұмыс істейміз. Бұл біріншіден, экологиялық мәселе. Екіншіден, өндіріс қой. Алдағы уақытта жобамызды кеңейткіміз келеді.

Көкшетаудан шығарылатын қатты қалдықтар қайта өңделмек түгілі сұрыпталмайды да. Сондықтан оқушылардың бұл бастамасы құптарлық. Болашақта ірі экологиялық-өндірістік жобаға айналуы да бек мүмкін.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу