Саяси науқан: Президент сайлауына үш күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Саяси науқан: Президент сайлауына үш күн қалды

17.11.2022

Үш күннен кейін қазақстандықтар үшін маңызды саяси науқан Президент сайлауы өтеді. Басты саяси дода жақындаған сайын кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары да қыза түсті. Үміткерлер мен олардың сенімді өкілдері сайлаушылармен кездесіп, белсенді дауыс беруге үндеуде .

Қ.Тоқаевтың штаб өкілдері алматылық сайлаушылармен кездесті

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық штабының мүшелері Алматы тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің жатақханасында студенттермен болған жүздесуде жастар саясатын жетілдіру туралы пікір алысты. Ал саясаттанушылармен және сарапшылармен елдегі саяси өзгерістер, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мен азаматтардың құқықтарын қорғау жайы талқыланды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес өкілдерімен де кездесу өтіп, кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мәселесі қозғалды. Зиялы қауыммен арадағы әңгіме тарихи мұраны сақтау, мәдениетті қолдау және отандық өнерді дамыту тұрғысында өрбіді. Жалпы сайлау науқаны басталғалы бері Республикалық қоғамдық штаб мүшелері елдің түкпір-түкпірінде 20 мыңнан астам іс-шара өткізген.

М.Қажыкен Шымкент жұртшылығымен жүздесті

Президенттікке кандидат Мейрам Қажыкен Шымкенттегі педагогикалық университеттің студенттерімен және оқытушыларымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жастардың идеясы іске асуы үшін қандай мүмкіндіктер қажеттігі туралы пікір алмасты. Студенттер білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, ақпараттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды. Мейрам Қажыкен қаладағы жылу электр орталығына да барды. Кәсіпорын қызметкерлерімен энергетика және жылу өнеркәсібін дамыту мәселесін талқылады.

Мейрам Қажыкен, Президенттікке кандидат:
Тараз бен Шымкенттің арасында Түлкібас деген қала бар. Осы лайық өндірісті бастауға. Таза технология. Ол жерде білікті мамандар жұмыс істейді.

Қ.Әбден тараздық сайлаушылармен кездесті

Президенттікке кандидат Қарақат Әбден Тараз қаласының сайлаушыларымен кездесті. Ана мен бала денсаулығы ұлт болашағының кепілі екені айтылды. Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы өкілдері, жүкті және босанған әйелдердің үйлерін аралап, әлеуметтік қызмет көрсетудің мәселелерін талқылады. Емхана қызметкерлерінің айтуынша, патронаждық қызметтің бұл түрі ана мен бала денсаулығын бақылауда ұстап, зиянды факторлардың алдын алуды көздейді. Алайда, бұл салада кәсіби мамандардың жетіспеушілігі байқалады.

Қарақат Әбден, Президенттікке кандидат:
Ана мен баланың денсаулығы ұлттық деңгейде қарастырылатын үлкен күрделі мәселе. Әр ата-ана бала өмірге келмей тұрып баланың денсаулығын ойлауы керек.

Ж.Дайрабаев пен оның сенімді өкілдері өңірлерге барды

Президенттікке кандидат Жигули Дайрабаевтың сенімді өкілі Николай Арсютин Солтүстік Қазақстан облысына барды. Ол Қызылжар ауданы Қызылжар селолық округінің Чапаев ауылындағы сүт фермасын аралап көрді. Өндіріс барысымен танысып, мамандарымен және ауыл тұрғындарымен кездесті.

Ал кандидат Жигули Дайрабаев пен партияластары сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Атырау облысында жалғастырды. Индер ауданының тұрғындарымен жүздесіп, агроөнеркәсіп саласын дамыту мәселелерін талқылады.

Қадіржан Арыстан, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы:

Егін салады, мал өсіреді. Мысалы қазір біз тұрған Индер ауданы Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Бұл өңірдегі ең басты проблема су мәселесі. Жайық өзенінің деңгейі 3 есе түсті.

Н.Әуесбаев аудан тұрғындарымен кездесті

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев үгіт-насихат шараларымен Ақмола облысына барды. Шортанды ауданы тұрғындарымен жолыққан оппозициялық партия өкілі сайлауалды бағдарламасына тоқталып, сайлаушылардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуде ауылдың дамуы, жайылымдық жердің тапшылығы айтылды. Өңірде ауыз су мәселесі де толық шешілмей жатқаны сөз болды. Ертең кандидатты ұсынған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы науқан бойынша қорытынды жиын өткізеді.

Нұрлан Әуесбаев, Президенттікке кандидат:
Кездесуде ауыл тұрғындарының қойған негізгі сұрақтары – ауылдың мәселесі, су мәселесі, ауыл айналасындағы жайылымды жер мәселесі. Мемлекеттен бөлінген қаржылар қайда кетіп жатыр. Басқа да үлкен сұрақтарды қойды. Олардың қойған сұрақтарының бәрі дұрыс.

С.Тұрсынбекова солтүстік өңірлерді аралап жүр

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Павлодардағы Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында ем алып жатқандармен кездесті. Қазір орталықта 33 адам емделіп жатыр. Кездесу барысында кандидат сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар кандидат үгіт-насихат жұмысын Солтүстік Қазақстан облысында жалғастырды. Петропавлда кәсіпкер әйелдермен кездесті. Қазір өңірде бизнеспен айналысатын 70 мыңға жуық әйел бар. 38 мыңнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.

Салтанат Тұрсынбекова, Президенттікке кандидат:
Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындарының үлесі 42 пайыздан асады. Оның дені шағын және орта бизнесте. Біз тұрған Солтүстік Қазақстан облысында да өз ісін дамытып отырған әйелдер жетерлік.


Хабарламаларға жазылу