Өзбекстандағы президент сайлауына санаулы күн қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстандағы президент сайлауына санаулы күн қалды

21.10.2021

Өзбекстандағы Президент сайлауы- тек, өзбек халқы үшін емес, орта Азия мен ТМД төңірегі үшін де маңызды. Саяси додаға санаулы күн қалғанда ТМД байқаушылар миссиясын басқаратын Сергей Лебедев осылай деді. Оның сөзінше Өзбекстан аймақтағы бірқатар халықаралық ұйымның белді мүшесі. Сондықтан сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне барлық елдер мүдделі.
 Армангүл Тоқтамұрат, тілші: 
Жексенбі күні өтетін Президент сайлауы тәуелсіз Өзбекстан тарихындағы алтыншы сайлау. Саяси додаға үш күн қалса да Ташкенде анау айтқандай қарбалас байқалмайды. Бірақ бұқара халық сайлауға қатысып, саналы таңдау жасау-ең алдымен ел ертеңі үшін маңызды дейді.
Маңызды аламанды бақылау үшін өзбек жеріне алыс-шақын шетелдерден байқаушылар көп келген. Бүгін ТМД-дан келген жүздеген байқаушы сайлауға дайындық жұмыстарымен танысып, бірқатар округтерді аралады. ОСК өкілдерімен кездесті. Миссия- сайлаудың халықаралық стандарттарға сай өтуін қамтамасыз етуге мүдделі.
Сергей Лебедев, ТМД атқару комитетінің төрағасы: 
ТМД -ның 7 елінің ішінде 162 БАҚ өкілі аккредиттелген. Біз байқауды Өзбекстанның барлық облыстарында жүргіземіз. Өзбекстан бауырлас ел болғандықтан, барлығымыз сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне мүдделіміз. Бұл ТМД елдері үшін маңызды саяси оқиға.
Өзбекстанда ЕҚЫҰ-ның Парламент ассамблеясының байқаушылар миссиясы да, өз жұмысын бастады. ОСК төрағасы Зайнуддин Низамходжаев делегация басшысы Даниэль де-Риидермен және арнайы шақыртумен келген Үндістан ОСК төрағасы Сушил Чандрамен жүздесті. Меймандар Өзбекстанның сайлау заңнамасындағы соңғы өзгерістерге қанықты.
Сушил Чандра, Үндістан ОСК төрағасы: 
Алдымен сайлау заңнамасы бойынша атқарылған ауқымды жұмыстарды ерекше атап өткім келеді. Әлем елдерінен және халықаралық ұйымдардан шақырылған бақылаушылар Өзбекстан президент сайлауын өткізуге лайықты үлесін қосады деп сенемін.
Иә, бауырлас ел лайықты көшбасшыны таңдау үшін ел аумағында 14 округтік сайлау комиссиясын құрып, 10 760 дауыс беру учаскесін жасақтаған. Қазір олардың барлығы саяси науқанға сақадай-сай дайын.
 Баходир Юнусов, Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының мүшесі: 
Ташкент қаласы бойынша 822 сайлау учаскесі бар. Сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Әр учаскеде дәрігер болады. Ол келушілердің температурасын тексереді.
Армангүл Тоқтамұрат, тілші: 
Өзбекстан коронавирусты жұқтыру дерегі бойынша әлемде 94 орында. Дегенмен қазір елде эпид-ахуал тұрақты. Соған қарамастан, сайлау кезінде санитарлық талаптар қатаң сақталмақ. Бауырлас елдің тұрғындары сәтін салса, енді тура үш күннен соң өз болашақтары үшін дауыс беріп, өз таңдауларын жасайды.
 
Армангүл Тоқтамұрат

Хабарламаларға жазылу