Жетісу облысында елуден астам көпқабатты тұрғын үйдің қазандығы жертөледе немесе жапсарлас орналасқан. Жандарын шүберекке түйіп өмір сүріп жатқан тұрғындар мәселесіне мен Қуаныш Қанатұлы тереңірек үңілдім.
Иә, мәселен бір ғана Жетісу облысында 53 көпқабатты тұрғын үйдің жылу қазандығы жертөледе немесе үймен жапсарлас орналасқан. Мұнан бөлек жүздеген үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Өңір тұрғындары әлі де бірнеше қабатқа отын-көмір көтеріп, пеш жағады. Бір ғана Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында өркениеттің игілігіне жете алмай отырған 80-ге жуық тұрғын үй бар.
Жылуға кететін шығынға үштөбеліктер қазір көп алаңдамайтын болған. Өмірлеріне қауіп төніп тұрғандықтан бар ойлары қыстан аман шығу.
Татьяна Павликова, Үштөбе қаласының тұрғыны:
12 жыл болды осында тұрып жатқаныма. Жертөледе пеш қалай тұрды, солай тұр. Жасым 70-тен асты. Қорқа-қорқа шаршадық. Етіміз үйреніп кетті.
Қаратал ауданында 88 көпқабатты тұрғын үй болса олардың тек алтауы ғана орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 11 үйдің жертөлесінде немесе жанында жеке қазандығы бар. Қалған 70 үйдің әр пәтері пешпен жылытылады. Мәселе ауданға көгілдір отын толық тартылғанда бірақ шешіледі, дейді әкімдіктегілер.
Қайрат Қасымов, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары:
Төрт блочно-модульный котельныйға сұраныс беріп қойғанбыз. Газ құбырлары тартылғаннан кейін, блочно-модульный котельныйға қосылғаннан кейін қалған үйлердің бәрін орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеміз.
Ал 2017 жылы жылыту қондырғысы жарылып, 9 адам қайтыс болған Шахан кентінде 110 үйдің қазандығы сыртқа шығарылды. Десе де алты көпқабатты үйдің халқы әлі де отын тасып, пеш жағып отыр.
Ғалым Өмірбеков, Шахан кентінің әкімі:
116 үйден қалған 6 үйді 2023 жылы қосамыз. Оларда биыл ақша жағынан қиындық болғаннан кейін халық қосудан бас тартты.
Екі аймақтың ортақ мәселесі оң шешім тапқанша тұрғындар жандарын шүберекке түйіп, өмір сүруіне тура келеді.
Қуаныш Қанатұлы