Риддер тұрғындары қараша айына жылуға ақы төлемейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддер тұрғындары қараша айына жылуға ақы төлемейді

15.11.2022

Риддер қаласындағы тұрғындар қараша айында жылуға қаржы төлмейді. Себебі жылыту маусымы басталғалы риддерліктер жылуға жарымай келеді. Бірақ соған қарамастан тұрғындар қыркүйек пен қазан айына толық төлем жасаған.

Ал қараша айында халыққа алдын-ала төлем жасау үшін қымбаттаған тариф көрсетілген түбіртектер келе бастаған. Алайда қарашаның бесінде қаладағы орталық қазандықтар істен шығып, 22 мың абонент жылусыз қалған еді. Осыдан соң монополияға қарсы Агенттік қызметкерлері Риддерде жылу қызметінің құны қайта еспетелетінін айтты.

Бірақ жылыту орталығының басшылары бұл ұсыныспен келіспеді. Дегенмен мәселеге құзырлы органдар араласқан соң, қазандық басшылары қараша айына қаржы алмайтын болды. Бұған дейін алдын-ала төлем жасап қойғандардың ақысы алдағы айларға есептеледі.

Жалпы Риддердегі жылуға қатысты мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Бұған дейін үш қазандық іске қосылды. Кешеден бері оқу орындарында сабақ басталды. Әзірше оқушылар 30 минуттан оқып жатыр. Қалада техногендік сипатта жарияланған төтенше жағдай әлі алынған жоқ.

Олжас Керей

Хабарламаларға жазылу