Президент Бейжіңде бизнес өкілдерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Бейжіңде бизнес өкілдерімен кездесті

17.10.2023

Қытай компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытының базасында пластик бөтелке, синтетикалық жіптер мен синтепон шығаратын өндіріс орнын салуды жоспарлап отыр. Мұны «SINOPEC» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэн Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде айтты. Бұл компания келесі жылы Атырауда полиэтилен өндіретін зауыт құрылысын да бастамақ. Мұнай-газ химиясына жататын мұндай ауқымды жоба Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард доллар. Мемлекет басшысы мұнай химиясы өнеркәсібі саласындағы серіктестікті нығайту туралы CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньмен де әңгімелесті. Бұл компания Ақтауда Caspi Bitum зауытын кеңейту ісіне қатыспақ.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

Бұл зауытымыз қазіргі таңда 500 мың тонна битум өндіреді. Біздің енді бүгін қол қойған құжатқа сәйкес соның қуаттылығын 750 мың тоннаға дейін жеткіземіз.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай тарапы 200 маневрлік және магистральдық тепловоздар сатып алу жөніндегі келісімге қол қоймақ. Бұл құжатқа сәйкес инжиниринг және сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашу да қарастырылған. Жоба құны – 1,3 млрд доллар. «СRRC» компаниясының осындай жоспары барын басқарма төрағасы Cунь Юнцай мәлімдеді. Әлемдегі теміржол транспортының ең ірі өндірушісі саналатын компания басшысы Қазақстанның көлік-логистика саласына 200 млн доллар инвестиция салуға да ниетті екенін жеткізді. Ал Қытайдың ірі курьерлік компаниясының бірі «YTO Express» компаниясының басқарма төрағасы Йу Хуэй Дзяомен кездесуде электронды коммерция, көлік және логистика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Әсел Жанасова, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:

«YTO Express» компаниясы тарапынан инвестиция жасайды. Яғни Қазақстанды ОА-ның логистикалық хабына айналдырғысы келеді. Яғни бұл үлкен қоймаларды жасау, фулл центрлер дейміз.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу