Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент отандық бизнес өкілдерімен кездесті

21.12.2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесті. Жиын барысында ұлттық экономиканы сапалы әрі орнықты дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, кәсіпкерлер макроэкономикалық саясат, соның ішінде жаңа Салық кодексін әзірлеуге және экономиканың нақты секторына қолжетімді несие беруге қатысты пікірлерін ортаға салды. Экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру аясында жүйелі цифрландыру, көлік-логистика саласын белсенді түрде дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толыққанды пайдалану, экономиканы индустрияландыру, әсіресе, отандық автомобиль өнеркәсібін ілгерілету мәселелері көтерілді. Жиын соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтылған ұсыныстардың барлығы жинақталып, нақты шаралар қабылданатынын айтты.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу