Енді Украинадағы ахуалға тоқталсақ. Қарулы қақтығыс басталғалы Ресейдің бақылауында болған Херсон осы аптада Украинаға қайтарылды. Ресей әскері қаладан шығып, Днепрдің шығыс жағалауына көшкен. Украина жауынгерлері Херсонға кіріп, елдің туын тікті. Жергілікті тұрғындар оларды қуанышпен қарсы алды. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.
Қарулы қақтығыс басталғалы Ресейдің бақылауында болған Херсон осы аптада Украинаға қайтарылды. Ресей әскері қаладан шығып, Днепрдің шығыс жағалауына көшкен. Ал Украина жауынгерлері Херсонға кіріп, елдің туын тікті. Жергілікті тұрғындар оларды қуанышпен қарсы алды. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.
9 айға жуық уақыт бойы оккупацияда болған қаланың азат етілуін украиналықтар осылайша қуанып, тойлап жатыр. Бүгін түскен мәліметтерге қарағанда, Херсон облысы мен қаласында Украина әскери әкімшілігі жұмыс істей бастады. Бұған қоса, ұлттық полиция, теледидар және радио қызметі қалаға оралған. Темір жол қатынасы да қалпына келмек. Президент Зеленскийдің мәлімдеуінше, Украина қарулы күштері Херсон облысында 60-тан астам елдімекенді азат еткен.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
Азат етілген аумақта істейтін жұмыс көп. 2 мыңдай жарылғыш зат жойылды. Херсоннан кетпес бұрын оккупанттар коммуникация, су, жылу және жарықпен қамтамасыз ету жүйелерін істен шығарған.
Кремль болса, Ресей әскері қаладан кетсе де, бұл жағдай Херсон облысының мәртебесін өзгертпейді, яғни ол Ресейге тиесілі деп мәлімдеді. Бір ай бұрын Ресей Украинада басып алған жерлерді аннексиялау туралы құжат қабылдаған еді. Осы аптада Елдің қорғаныс министрлігі әскерилер қаладан толық шыққанын растады. Украина армиясының қарымта шабуылынан Ресей Херсондағы жауынгерлерін керек-жарақпен қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылған.
Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:
Жалпы алғанда 30 мыңнан аса әскери қызметкер, 5 мың дана қару мен әскери техника, логистикалық құрал-жабдық Днепр өзенінің оң жағалауынан сол жағалауға көшірілді.
Херсон - ақпанның 24-дегі шабуылдан кейін ресейліктердің бақылауына өткен бірден-бір облыс орталығы. Кремль үшін оның стратегиялық мәні зор. Херсон мен Днепрдің батыс жағалауындағы басқа да аймақтардан шегіну Ресейді Украинаның Николаев және Одесса қалаларын шабуылдау мүмкіндігінен айырды. Әскери сарапшылар болса, Мәскеу Херсон облысын бақылаудан шығармау үшін барын салады дейді.
Ал Херсонды қайтару Украина үшін Ресейдің бақылауындағы Запорожье облысының кейбір бөліктері мен оңтүстіктегі аумақтарды азат етуге жол ашады.
Арай Төлегенқызы