Осы аптада Риддердің жылу электр орталығында 2 рет апат болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Риддердің жылу электр орталығында 2 рет апат болды

13.11.2022

Осы апта Риддердің жылу электр орталығында 2 рет апат болып, он мыңдаған адам жылусыз қалған еді. Алдымен №1 қазандықтың қосалқы жабдығының жұмысы тоқтаған. Орталықтағы күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шыққан. Ол жөнделіп жатқанда жұрт жылусыз қалмасын деп, жоғары қысымда жұмыс істейтін №6 қазандық іске қосылады. Алайда арада аз уақыт өткенде осы қазандық істен шығады. Апта соңында ақаулар жойылды.

Бірақ мұнымен проблема толық шешілді дей алмаймыз. Жылу беру маусымы басталғалы Риддерде осымен үшінші апат болып отыр. Жалпы, бұл түйткіл моноқалаларға ғана емес, мегаполистерге де тән. Бұған дейінгі эфирімізде Қазақстандағы жылу электр орталықтарының орта жасы туралы мәлімет берген едік. Соны да тағы да қайталап өтейін:

Қазір облыс орталықтарында, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда 37 жылу электр орталығы бар. Барлығы өткен ғасырда пайдалануға берілген. Ең ескісі - Семей қаласында. 1934 жылы салынған. Ең жаңасы 1981 жылы Шымкентте салынған. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 28 жылыту кәсіпорынының пайдалану мерзімі 50 жылдан өтіп кеткен. Ал, 9 нысанның қолданысқа енгізілгеніне - 30 жылдан асқан. Жылу электр орталықтарының орташа жасы 60-тан жоғары.

Демек, жылуы жоқ жүйені тұтас жөндеу керек. Жалпы, шіріп кеткен жүйенің салдарын біраз саладан байқап жүрміз.

Қазақстандағы шахталар да, көмір өндірген кезде пайдаланылатын қондырғылар да ескі. Өткен апта Қарағанды облысының Ленин атындағы шахтада апат болып, 5 жұмысшы қайтқаны туралы қайғылы жаңалықты бердік. Соңғы 17 жылда «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты кәсіпорындарда 100-ден астам адам қаза тапқаны туралы да айттық. Бірақ ол кезде төтенше жағдайлар жиі бола тұра, қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзғаны анықталса да, осы «Арселордың» басшылығы неге жазаланбайды? – деген сауалға жауап ала алмадық. Ал осы апта Президент кәсіпорынды түбегейлі тексеру керек, - деп тапсырды. Премьер-министр «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы енді жыл сайын шахтаны жаңғырту үшін жылына 150 млрд теңге, ал қауіпті газдан тазартуға 37 млрд теңге бөлуге міндеттелгенін хабарлады. Ірі кәсіпорынға мұндай талап қойылуы – алғаш рет.Осы компанияның тарихына тоқталсақ. Алғашында «Испат Кармет» деп аталған. Үнділік бизнесмен Лакшми Миттал 90-жылдардың ортасында жабық тендер арқылы Қарағанды метталургиялық комбинатын сатып алады. Атауы 2004 жылы «Миттал Стил Теміртау», ал 2007 жылы «Арселор Миттал Теміртау» болып өзгереді. Осы Қарағанды метталургиялық комбинатына ие болғаннан кейін Митталға тиесілі Ispat International өндіріс бойынша бұған дейінгі әлемдегі 32-ші орыннан 14-ке көтеріліп кетеді. «Арселор» қазір қарағанды облысының 8 шахтасына ие. Компанияның болат, көмір, темір өндіру бойынша департаменттері бар. Жылдық табысы 75 миллиард АҚШ долларынан асады.

Ең ірі 2 апат Ленин және Абай атындағы шахталарда 2000-шы жылдардың екінші жартысында болған. Ленин шахтасында 41, ал Абай атындағы кен орнында 30 адам қайтыс болған. Екеуіне де «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы кінәлі деп танылған. Механизмдер мен электр құралдарының нашарлығы апаттарға алып келген.

Содан бері құрал-жабдық жаңарғанына күмән бар. Жыл сайын кемі 1 апат болып жатады. Бірақ басшылығы да ауыспаған. Шахтерлердің өміріне қауіп төндіріп отырған компания жайлы осы апта да материал жасайық деп шештік. Оңғар Алпысбайұлы Қарағанды облысына арнайы барып, жағдайды біліп қайтты.

Алдымен апат болған Ленин атындағы шахтаға бардық. Мемлекеттік комиссия жұмысын аяқтағанша өндіріс тоқтатылған. Әзірге ішке кіруге де рұқсат жоқ. Қарағанды облысында 8 шахтасы бар АрселлорМитталдың өкілдері өзге өндіріс орнына барып, жұмыспен танысуға шақырды.

Ал бұл қаланың іргесіндегі Түсіп Күзембаев атындағы шахта. Жылына 1,6 млн тонна көмір өндіреді. Жұмыс қызу. Алайда, апатты сылтауратып шахтаға түсуге рұқсат етпеді. Тек жер бетіндегі жұмыспен, технологиямен танысу мүмкін болды. Алдымен қауіпсіздік шараларын сұрадық.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Шахтаға түспес бұрын әр қызметкерге арнайы мынадай арнайы датчик беріледі. Бұл жерде ауадағы метанның, оттегінің және көмір қышқыл газының мөлшері көрсетіледі. Егер метан шамадан тыс көбейіп кететін болса бұл дыбыстық белгі береді. Дегенмен метанның ең қауіптісі сол бір тыныстағанның өзінде адам тұншығып өліп кетуі мүмкін. Яғни, қорғану шарасын қабылдап үлгермей қалуы да мүмкін екен.

Мамандар әр қызметкерді бақылауға мүмкіндік беретін жаңа жобамен таныстырды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Жер астына мынадай жарық шамынсыз түсу мүмкін емес екендігі белгілі. Әр шахтерда бар. Дәл осы жарық шамдарында арнайы датчик орнатылған. Шахтерлар жер астына түспес бұрын оны тіркеуден өткізеді. Содан кейін мынау экран арқылы ол адам қай жерде жүр? Не істеп жатыр? Жалпы шахтада неше сағат жұмыс істеп жатыр деген сияқты ақпараттарды толық бақылап отыруға болады.

Сергей Игнатов, механик:

Бұл жер біздің кәсіпорынның жүрегі деп айтсақ болады. Әр қызметкердің қайда жүргенінен бөлек оны видео бақылау камерасынан қарай аламыз. Ленталардың жұмысын көруге болады. Желдетудің қалай жүріп жатқанын да басқарып, бақылай аламыз. 

Тіпті, әр шахтермен кез келген уақытта байланысуға болады. Иә, шынымен тиімді, бастысы қауіпсіз жүйе. Тек...

Сергей Игнатов, механик:

- «Арселор Миттал Теміртау» компаниясында неше шахта бар?
- Сегіз.
- Барлығында осы жүйе бар ма?
- Екеуінде.
- Ленин атындағы шахтада жоқ қой?
- Ол шахтада жоқ әлі.

Сөйтсек бұл жүйе тек Қазахстансое және бізге таныстырған Күзембаев шахтасында ғана болған. Апат болған Ленинское кен орнына жаңашылдық жетіп үлгермепті. Сосын шахтерлардың проблемасын өздерінен сұрадық. Пікір екі ұдай.

Манас Хасенов, шахтер:

Ұнайтын немесе ұнамайтын жақтары бар ма?
– Ұнамайтын нәрсе аз. Ұнайтын жақтары көп негізі.
– Неге шахтер болуды таңдадың?
– Дұрыс жұмыс қой.

Антон Шрайнер, шахтер:

Бәрі ең алдымен өзіңе, әріптестеріңе байланысты ғой. Жұмысты дұрыс жүргізе білсек қауіп те жоқ. Оның үстіне етіміз де үйреніп кетті.

Виталий Ярков, шахтер:

- Бұрын шахталар қандай болып еді? Қазір қандай? Айырмашылық бар ма?
- Бәрі сол қалпы. Ештеңе өзгермеді.

Осы сәттен шахтерларды алаңдататын үлкен проблемалардың беті ашыла бастады. Жеті қабат жер астында алпысты алқымдап қалған ел ағалары батпан жүк көтеріп, қара шаң жұтып жүр.

Саят Жұманбаев, шахтер:

Әрине қиын. Жұмыс өте ауыр. Түні бойы аяғымның сіңірлері тартады. Арқам, белім ауырады. Амалым қанша? Шыдаймын. Зейнетке әлі 4 жарым жыл бар. 60 қа толғасын ауруы шыдатпай жұмыстан шығып кеткендер қанша бізде.

Ал, егде адамдардың қауіпті нысанда жұмыс істеуі жеке бастың қауіпсіздігін қиындататын көрінеді.

Евгений Буслаев, «Қорғау» кеншілер кәсіподағының төрағасы:

Жастар өте жылдам қимылдайды. Ал 60-тан асқан адам оқыс жағдай кезінде қорғанып үлгермей қалуы мүмкін. Жас ұлғайған сайын жылдам шешім қабылдау да қиындайды.

Андрей Лукин,«Қорғау» кеншілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы:

Зейнет жасына дейін шахтерлардың шамамен 30 пайызы ғана өмір сүреді. Көмір өндіретін өзге посткеңестік елдерде шахта қызметкерлері жұмыс өтіліне байланысыты ерте шығады. Бізде де солай болуы керек қой.

20 жыл жер астында жұмыс істеген ардагер шахтер Павел Шумкин мемлекет инветор компаниямен келісімге отырған кезде ерекше талап қоюы керек еді. Олардың өмірі ерекше бағаланбаған соң шахтадағы өліп қалыпты жағдайға айналып барады дейді.

Павел Шумкин, қоғам белсендісі:

Біздің шахтерлердің құны жоқ. Дұрыс бағаланбаған. Тура сол АрселлорМиттал АҚШ-та, Чехословакияда басқа шарттармен, басқа бағамен жұмыс істейді.

Қарапайым шахтерлар жоғарыдағы мәселелерден бөлек кәсіподаққа техниканың тозғандығын айтып шағымданады екен.

Андрей Лукин,«Қорғау» кеншілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы:

Мен шахтер болып жұмыс істеген 1990 жылмен салыстырғанда құрылғылар біраз жаңартылды. Бірақ бәрі емес. 70-80 жылдары орнатылған құрылғылар да кездеседі. Мысалы казтенко шахтасында 1948 жылы орнатылған көтергіш машинасы бар. Әлі жұмыс істеп тұр.

Құрылғыларды ауыстыру арқылы қауіпсіздікті күшейту мүмкін емес. Біздің шахталарға ең соңғы заманауи технологияларды енгізу керек деп санайды ардагер шахтер.

Павел Шумкин, шахтер:

Қазіргі шахталарда жасалған жағдаймен оларды қауіпсіз ету мүмкін емес. Барлығын жауып шахталарды жаңа тәсілмен, жаңа технологиямен қайта жасақтау керек. Оның өзінде 100 пайыз қауіпсіз болады деуге келмейді. Біздің шахталар әлемдегі ең қауіпті саналады.

Себебі Қарағандының көмірі метан газына бай. Оны шығарудың өзі өте қауіпті.

Андрей Лукин,«Қорғау» кеншілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы:

Соңғы апат кезінде қызметкерлер көмір қыртысынан улы газдарды шығару жұмысымен айналысып жатқан. Алайда ол газдың нақты неге жарылғанын әлі анықтай алмай отырмыз. Соңғы шешімді комиссия шығарады.

Сондықтан, мұндай қауіпті нысанда жұмыс істейтндікрдің амандығын ақша табуды көздеген инвесторға тапсырып қойған дұрыс емес. Мемлекет қандай жұмыс атқарылып жатқанын тұрақты қадағалап, не істелу керек екенін талап етіп отыруы тиіс деп санайды кәсіподақ мүшелері.

Евгений Буслаев, «Қорғау» кеншілер кәсіподағының төрағасы:

Өкінішке орай шахтерлердің мәселесі апат болған кезде ғана көтеріледі. Көп ұзамай бәрі қайтадан ұмытылады. Тұрақты бақылау болмағандықтан апаттар да қайталана береді.

Осы аптада Үкімет басшысы Алихан Смаилов «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы енді жыл сайын шахтаны жаңғырту үшін 150 млрд теңге, ал қауіпті газдан тазартуға 37 млрд теңге бөледі деп мәлімдеді. Ал мәжіліс депутаттары инвестормен келісімді тоқтату керек деп отыр. Апаттың себебін зерттеп жатқан комиссия қорытындысын 16 қараша шығарады. Ал Кінәлілерге қатысты қандай шара қолданылатыны әзірге белсіз.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу