Былтыр 1 мыңнан астам ғалым мен зерттеуші ғылым жолынан кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр 1 мыңнан астам ғалым мен зерттеуші ғылым жолынан кеткен

06.11.2022

Былтыр 1 мыңнан астам ғалым мен зерттеуші ғылым жолынан кеткен.

Ұлттық статистика бюросы осы аптада жариялаған «Бір ғылым» атты жыл сайынғы есептің қорытындысына сәйкес былтыр «Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен» айналысатын мамандардың саны 21 617 болған, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен, шамамен 5 пайыз кем. Соңғы бес жылдағы динамикаға қарағанда зерттеу жобасымен айналысатын ғалым саны бұлай күрт азаймаған.

Жазира Маратқызы, ҚР СЖРА ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысы:

Ғылыми зерттеулермен айналысатын мамандардың азаюы ғылыми зерттеулердің азаюымен байланысты осы салаға берілетін гранттардың азаюымен байланысты, сонымен қатар қандай да бір жобадағы адамдар санының азаюымен байланысты болып отыр. Егер бір жобада бұрын 10 адам жұмыс істесе, дәл сол жобаны жалғастыру үшін мүмкін келесі жылы 5 адам ғана жұмылдырылды.

Осы ақпаратты жариялаған kursiv.media сайты әртүрлі ғылыми ұйымдардың кадрлық құрылымына Data-анализ жасап, ғалымдар бір ұйымнан екіншісіне ауыспағанын, демек олар жалпы ғылым жолынан кеткенін жазады. Басылымның тұжырымына сәйкес, еңбек нарығына ғылымдағы табыс деңгейі әсер етуі мүмкін. Мәселен, жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың орташа айлық еңбекақысы былтыр 253 мың тг болыпты, ал ғылыми жобамен айналысатын ізденушілердің айлығы 281 мың тг болған. Бұл өндіріс пен қаржы саласындағы мамандардың жалақысынан азырақ. 

Данияр Қайыртай, тілші:

Ғылым комитетінің төрағасы ғалымдар мен зерттеушілердің саладан кетуіне үш түрлі себеп барын айтады. Біріншіден, еңбекақының салыстырмалы түрде төмендігі. Екіншіден, ғалымдардың әртүрлі мерзімге шет елдерге тағылымдамадан өту үшін кетуі. Үшіншіден, ғалымдардың зейнеткерлікке шығуы. Ал ғылыми кадрдың санын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырсақ, 2 жарым есе азайғанын байқаймыз. Бұрын 52 мың ғалым болса, қазір 22 мыңның айналасында ғана.

Дархан Ахмед-Зәки, ҚР ҒЖБМ ғылым комитетінің төрағасы:

Институттарда жақсы деңгейде жұмыс жасап жатқан ғалымдарды ұстап қалу үшін тікелей қаржыландыруды енгізіп жатырмыз. Бұрында тек басшылар мен коммуналды шығындарды ғана төлеп отыратын, қазір қосымша жетекші ғалымдарға арнайы ақша бөлінеді. Яғни олар өздері істейтін НИИ-лардың ішінде қалып, ары қаратай жұмыс істей берсін деген әңгіме.

Мысалы, Алмагүл Ментбаева бастаған ғылыми топ мемлекет бөлген қаражатқа екі ғылыми жоба жасап жатыр. Бірі – өндірісте азот газы таралғанын анықтайтын сенсор, екіншісі – адамның демі арқылы ұшқыш органикалық қосылыстарды анықтап, диагностика жасауға арналған сенсор.

Алмагүл Ментбаева, Назарбаев университетінің ассистент-профессоры:

Қазірге прототиптеріміз бар, бірақ әлі өндіріс жоқ. Санаулы жылдарда өндіріске шығамыз деген мақсатымыз бар. Ондай сенсорлар, әрине, өте көп. Бірақ сол жартылай өткізгіш метан оксидтеріне негізделген коммерциялық сенсорлардың ең үлкен проблемасы – олар тек жоғары температурада жұмыс істейді. Сол үшін сенсорларда қыздырғыш орнатылады. Біздің жобамыз осы –  бөлме температурасында жұмыс істейтін газ сенсорын жасап жатырмыз.

Ғалым Нұрзада Амангелдінің де ғылыми жобасының прототипі дайын. Ол жасанды интеллект технологиясы бойынша қазақ ым тілін танитын жүйе жасап жатыр. Жобаны соңына дейін жеткізу үшін мемлекеттік грант байқауына қатыспақ.

Нұрзада Амангелді, ЕҰУ Жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы:

Бұл жүйе коммерциализациялау перспективасы бар жүйе болып есептеледі. Халыққа қызмет көрсету орталығына келесіз.  Мысалы, сәлеметсіз бе, мен сізден осындай қызмет алуға келдім деген кезде, ым тілін білмейтін қызмет көрсетуші үшін екеуінің арасындағы құрал, яғни сурдоперевод.

Нұрзаданың ғылыми жобасына өзі істейтін университет те қаражат бөліпті. Жақында бұл оқу орны зерттеу университеті мәртебесін алған еді.

 Жанна Құрманғалиева, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры:

Тек қана бюджет қаражатына қарап қалмай, коммерциализияландыруға әлеуеті бар ғылыми идеяларды университет деңгейінде қолдауға арналған «Жаңа асу» деген грант енгіздік. Зерттеу университеті деген – ғылыми жетістіктерді оқу процесінде қолдану, сол арқылы мықты мамандарды дайындап, өндіріс жағын да дамытып, инновациялық экономикаға өз үлесін қосу.

Министрлік ғылымды қаржыландыру кейінгі 3 жылда 70 пайызға өсті деп есеп бергенімен, бөлінетін қаражат әлі де аздық ететінін айтады, академик Оразалы Сәбден.

 Оразалы Сәбден, экономика ғылымдарының докторы:

Қаржысы 0,13 пайыз ЖІӨ бөлгенде, ол азғантай-ақ, 10, 20, 30 есе көбейту керек. Ғылым заңын қабылдағанда, ол кезде ғылымға бөлінетін қаржы ЖІӨ –нен 0,72 пайыз еді. Өсудің орнына, экономика өсті дейміз, біз өндік дейміз, 6 есе төмен кетті қаржыландыру. Ғылымға, мысалы, 100 пайыз ақша салсаңыз, соның бір 2-3 пайызы жаңалық ашса, сол бәрін жауып тастайды.

Ұлттық жоспар бойынша, 2025 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаражатты жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына жеткізу көзделген. Бірақ ол үшін республикалық бюджеттен ғана емес, бизнестен де инвестиция тартылуы керек, дейді Ғылым комитетінің төрағасы.

Дархан Ахмед-Зәки, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің төрағасы:

Мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат бәрібір оған жетпейді. Қосымша бизнестен келуі керек. Мысалы, 1 тг бизнес құйса, 1 тг мемлекет қамтамасыз ететін болса, сонда екі жақтап белгілі бір көрсеткішке жетуге болушы еді. Мысалы, мемлекет жылына 500 млн жұмсаса бір нақты өндіріске, соған қосымша бизнестің өзі де дайын болуы керек. Сол кезде 1 млрд шеңберінде жақсы, түбегейлі, қолданбалы, терең ізденістер жасауға болады.

Ғылым саласы жеке министрлікке бөлініп шыққанын қолдайтынын айтқан Оразалы Сәбден, енді Президент жанынан ғылыми кеңес құруды ұсынады.

Оразалы Сәбден, экономика ғылымдарының докторы:

Ғылым деген бір ғана министрлік емес. Ол экономикада да, қорғаныста да, денсаулық сақтауда, көптеген салада ғылым бар. Оның бәрін интеграция жасау керек. Сондықтан Президент жанында Ғылым туралы үлкен кеңес керек. Сол ғылыми кеңес арқылы координация жасап, барлық саладағы ғылымды көтеруге мүмкіндік болады.

Оразалы Сәбден «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін көп мұғалімнің салаға оралғанын мысалға келтіріп, ғалымдарды да ғылымға қайтару үшін «Ғалым мәртебесі туралы» жеке заң шығару керек дейді.

Данияр Қайыртай, Жазира Оразқызы, Фариза Мұсақызы, Бахтияр Омар

Хабарламаларға жазылу