Корея Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің консулдық бөлімі тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстырылды. Сол елдегі құзыретті органдармен тұрақты байланыста болатын жедел штаб құрылды. Байланыс телефоны төменде көрсетілген. Қазір, дипломаттар консулдық есепте тұрған қазақстандықтарға хабарласып жатыр.
Бұған дейін хабарланғандай, Хэллоуин мерекесінде адамдар тар көшеге кіріп, бірін-бірі таптап өткен. Қайтыс болғандар саны 150 адамнан асты. Олардың арасында бір қазақстандық азамат бар. Ол 1996 жылы туған Ақтөбе облысының тумасы. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша отандасымыз Корея Республикасының жоғары оқу орындарының бірінің студенті болған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ëльге Сеулде болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда Итэвон ауданында көп адамның қаза тапқаны жөніндегі суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жазған.
Сәбит Әлдебай