«Қорқыт ата» телехикаясының түсірілімі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қорқыт ата» телехикаясының түсірілімі басталды

26.10.2022

«Қорқыт ата» телехикаясының түсірілімі басталды. Жобаны «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен Өзбекстанның «Кинематография агенттігі» бірлесе қолға алған. Телесериалдың түсірілім барысымен танысу мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен телерадиокорпорация басқарма төрайымы Ләззат Танысбай Алматы облысына барды. Туынды қашан жарық көреді, жобаға қандай актерлер түсіп жатыр?

Күн райы күрт суытып, аспанды бұлт қаптап, ақыра соққан желге қарамастан, түсіру тобының жұмысы қызу. Себебі, сериалдағы Қорқыттың басты жауы Тоймадықтың ауылы түсірілуде. Бұл жауыз кейіпкердің болмысын бейнелейтін ауа райы дейді, режиссер. Түсірілім алаңы да кездейсоқ таңдалмаған.

Қанағат Мұстафин, режиссер:

Бұл локацияны көп киногерлеріміз білмейді. Бұл локация Сыр еліне ұқсастығы бар. Біз жоғары жақтағы Алатауды кадрға алмаймыз. Сол себепті осы Қызылорда өлкесіне ұқсайтындай қылып қурап қалған ағаштарды қойдық. Локацияға таңдаған кезде осы жер көзге түсіп, осы жерді бекіттік.

IX ғасырдағы оқиғаларды боямыз суреттейтін мындай декорациялар ұсақ-түйегіне дейін тарихи деректерге, аңыз, дастандар мен қолжазбаларға сүйене отырып жасалған. Актерлер де арнайы сараланып алынған.

Еркебұлан Дайыров, актер:

Бұл жобада мен Қорқыттың басты жауын Томадықты ойнаймын. Аты айтып тұрғандай ол қанға тоймаған адам. Ол ғасырда шынымен де тарихи кітаптардан қарасаңыз қатігез ғасырлар. Адам құны түкке тұрмайтын кез.

Ал Қорқыттың 15 жастағы жаспөспірім кезін дейін шығармашылық топты талантымен тәнті еткен жас актер Дінислам Нұрмағанбетов сомдайды.

Дінислам Нұрмағанбетов, актер:

Актер үшін осындай үлкен тұлғаның рөлін сомдау ең әуелі бақыт. Сол үшін қазіргі болып жатқан түсірілімде 100 пайыз барымызды салып жұмыс істеп жатырмыз.

«Қорқыт түркі әлеміне ортақ тұлға болғандықтан, бұл жоба халықаралық маңызға ие»,- деді түсірілім барысымен танысуға келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Бүкіл Еуравзия кеңістігіне тараған көшпенділердің түпкі қазығы осы дала екенін көрсетеді. Сол арқылы біздің тарихымызбен бірге мәдениетімізді танытуыға, өз тұлғаларымызды дәріптеуге үлкен үлес қосады деп ойлаймын.

4 бөлімнен тұратын туынды 2024 жылы жарық көреді. Түсіру тобының жұмысымен танысқан «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай шығармашылық топқа телехикаяның сапалы шығуы басты мақсат екенін жеткізді. Жалпы, Ұлттық арнаның тапсырысымен соңғы екі жылда 16 тарихи сериал түсірілді.

Нұрсұлтан Тілектес 

Хабарламаларға жазылу